Белсенді шағын компаниялардың саны азайып барады

711

Кері динамика соңғы екі айда байқалып отыр.

Белсенді шағын компаниялардың саны азайып барады

Елімізде жұмыс істеп тұрған белсенді шағын компаниялардың саны қыркүйектің соңында 162,3 мыңға жетті. Ranking.kz басылымының мәліметінше, көрсеткіш былтырғыға қарағанда 1,3%-ға жоғары. 

Белсенді шағын компаниялардың жұмыс істеп тұрған белсенді шағын компаниялар қатарындағы үлесі биыл 55%-дан 57,7%-ға дейін қысқарды. Ал тіркелген шағын компаниялар ішіндегі үлесі 36,8%-дан 36%-ға дейін кеміді. Белсенді шағын компаниялардың саны жылдық бөліністе өскенімен, соңғы айларда кері динамика байқалып отыр. Тамызда 1,1%-ға, қыркүйекте 0,2%-ға қысқарды. Бұған дейін қаңтар мен шілде аралығында пандемияға қарамастан ай сайын 0,5%-ға өскен еді. 

Белсенді шағын компаниялардың басым бөлігі Алматы (40,2 мың) мен Нұр-Сұлтан (25,2 мың) қалаларында орналасқан. Өткен айда мұндай компаниялардың саны 17 өңірдің 6-ында азайған. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысы, Нұр-Сұлтан қаласы мен Атырау облысында көрсеткіш айтарлықтай төмендеген.

Тағы бір жайт, қыркүйекте қаржы, сақтандыру, өнер, ойын-сауық, демалыс, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет салаларында қызмет ететін компаниялардың қатары сирей бастаған. Ал ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы, көтерме және бөлшектік сауда, көлік жөндеу, электр қуатымен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі салаларындағы шағын компаниялардың саны керісінше сәл де болса көбейген. 
 
Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу