Бензин бағасы бірнеше факторларға байланысты. Бағаға қатысты толығырақ Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Мемлекеттік реттеуді алып тастаудың мәні осында, баға шегін сұраныс пен ұсынысқа қарай нарық реттейді. Бағаға көптеген фактор әсер етеді, оның ішінде мұнай-газ инфрақұрылымының барлық тізбегі бойынша, яғни мұнай өндіруден бастап қайта өңдеуге дейінгі кезең. Сонымен қатар, инвестицияны жүзеге асыру, сондай-ақ мұнай өнімдерін сатумен айналысатын желілердің шығыны есепке алынады. Тәжірибеге сүйенсек, егер бұл нарықты реттеуші ықпалсыз толықтай еркіндікке жіберетін болсақ, онда баға көршілес елдердегі деңгейге дейін теңестірілуі тиіс. Солтүстік өңірлерде Ресеймен, ал оңтүстік аймақтарда Орталық Азия елдерінің бағасына жақындайды, – деді Алмасадам Сәтқалиев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, билік белгілі бір бағаны бекітуді жоспарлап отырған жоқ, бірақ Энергетика министрлігі әлеуметтік жағдайды бақылауда ұстайды.
– Баға әлеуметтік тұрғыдан жауапты болуы керек және мұнай өнімдері нарығын тұрақсыздандырмауы тиіс. Сондықтан бұл баға жүйелі түрде, жоспарлы түрде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бақылауымен біртіндеп өседі. Егер нарық қағидаттары туралы айтатын болсақ, белгілі бір кезеңде баға, Ресей деңгейіне дейін теңесуі ықтимал, – дейді ведомство басшысы.