Бензин бағасына қатысты маңызды мәлімдеме жасалды

Белгілісі, әзірге халық үшін күрт өзгеріс болмайды. 

Бензин бағасына қатысты маңызды мәлімдеме жасалды Фото: Pixabay.com

Энергетика министрлігі көпшілік арасында қызу талқыға түскен бензин құнының өсуі туралы қауесетке нүкте қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осыған дейін әлеуметтік желілерде "2025 жылдың 21 желтоқсанында Санкт-Петербург қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекет басшыларының кездесуі өтіп, онда мұнай және мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығын қалыптастыру туралы келісімге қол қойылды" деген ақпарат тараған-ды. 

Десе де, энергетика министрінің кеңесшісі және ресми өкілі Әсел Серікпаева аталған мәселеге қатысты түсініктеме беріп өтті. Оның сөзінше, қазіргі уақытта Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин бағасын көтеруге уақытша тыйым салынған. 

– Бұл шара инфляцияның өсуін тежеу мақсатында қабылданды. Жанармай бағасының бірден өсуі күтілмейді, жағдай толық бақылауда, – деді ол. 

Ал 2027 жылдан бастап ЕАЭО аясында мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын құру процесі біртіндеп жүзеге асырылады. 

"Біздің мақсатымыз – заңнаманы үйлестіру, бағалардың басқа елдермен автоматты түрде теңестірілуі туралы әңгіме жоқ. Кез келген интеграциялық бастамада ұлттық мүдделер мен Қазақстан азаматтарының әл-ауқаты басты назарда болады" деп атап өтті Әсел Серікпаева.

Маманның айтуынша, көршілес мемлекеттермен баға айырмашылығының үлкен болуы "сұр" экспортқа жол ашады. Яғни, арзан бензин заңсыз түрде елден шығуы мүмкін. Бұл ішкі нарықта тапшылыққа әкеліп соғады. 

Жалпы, қазіргі төмен баға инвестиция тарту мүмкіндігін шектеп отыр. Саланы дамыту үшін Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту, сонымен қатар, жаңа төртінші зауыт салу керек. 

– Мораторий аяқталғаннан кейін нарықтық бағаға көшу бірте-бірте жүзеге асырылады. Барлық шешім нақты экономикалық жағдай мен халықтың табысын ескере отырып қабылданады, халық үшін күрт өзгерістер болмайды, – деп сөзін түйіндеді Әсел Серікпаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу