Бензин қымбаттай ма?

1513

Бүгінде елімізде 1 литр бензиннің орташа бағасы – 160 теңге. 

Бензин қымбаттай ма?

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Қазақстанда бензиннің қымбаттауына қандай факторлар әсер етенінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Қазақстанның ішкі нарығында жанар-жағармай бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады. Яғни бағаны нарық  реттейді", - деді Әсет Мағауов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бензин бағасына Қазақстандағы мұнай құны
мұнай өңдеу қызметі, салықтар мен акциздер, зертханалық сынақтар мен қоспалар бойынша шығындар, банктік қарыздар бойынша қызмет көрсету, тауарларды тасымалдау және тағы басқа ілеспе шығындар әсер етеді.

"Ал тұтынушылар үшін бензиннің түпкілікті бағасы мұнай өнімінің көтерме құны, жанар-жағармай құю автостанциясына дейінгі көлік шығыны, бөлшек саудадағы шығыстар, акциздер мен салықтар негізінде қалыптасады", - деді министрдің орынбасары.

Вице-министр елімізде бензиннің бағасы тұрақты екенін атап өтті.

"Бүгінде Қазақстандағы бензиннің орташа бағасы – 160 теңге. Мысалы, Қырғызстанда 1 литр бензиннің бағасы – 185 теңге немесе 16%-ға жоғары, Өзбекстанда 260 теңге немесе 63%-ға жоғары, Ресейде 255 теңге немесе 59%-ға жоғары", - деді Әсет Мағауов.

Ол мұнай өнімдерінің нарығы құбылмалы болып саналатынын, Қазақстанда бензин қоры жеткілікті екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл жанар-жағармай бағасының тұрақты болуына әсер етеді.

"2021 жылдың 10 наурызындағы мәліметке сәйкес, еліміздегі мұнай өнімдерінің жиынтық қоры қолайлы деңгейде. Мысалы, 225 мың тонна бензин қоры бар. Бұл елдің 20 тәулік бойы қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті. Дизельдің 298 мың тонна қоры бар: ол елдің ішкі нарықтағы қажеттілігін 27 тәулікке қамтамасыз етеді", - деп түйіндеді сөзін вице-министр.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу