Көлік министрі Марат Қарабаев бензиннің қымбаттауы мен қосымша құн салығының өсуі такси, пойыз, әуе билетінің бағасына қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Әуе керосині бұрыннан нарықтық бағамен жүреді. Сондықтан ол ешқандай әсер етпейді. Ал енді теміржол билетінің бағасы мемлекет тарапынан реттеледі. Пойыз билетінің құнын көтеруді жоспарлап отырған жоқпыз. Сондықтан ол да әсер етпейді. Такси бағасына келсек, ол жақта жанармай бағасы нарыққа беріліп жатыр. Оны әрі қарай нарық айқындайтын болады", – деп жауап берді Марат Қарабаев.
Министр қазіргі таңда такси қызметінің бағасын нарық айқындап жатқанын баса айтты.
"Ол мемлекет тарапынан реттеліп жатқан жоқ. Бірақ біз күні кеше өзін-өзі реттеу туралы заң жобасын талқыладық. Алпауыт интернет агрегаты мен такси жүргізушілері өзара келісімге келсе болады. Мәселен, 1 шақырымы қанша болады дегендей. Агрегаттың алатын пайыз мөлшерін бірге келіссее болады. Мемлекет араласпайды. Нарықтағы такси жүргізуші мен агрегат иесі өзара келісімге келуге болады деген норма ұсынып отырмыз. Ол заң жобасында қарастырылып жатыр, пилоттық түрде жүргізіп бастаймыз деп жоспарлап отырмыз" – деді министр.