Бензиннің литрі 160 теңге болуы мүмкін

1338

Акциз құнының инфляцияға әсері 0,35%-ды ғана құрайды. 

Бензиннің литрі 160 теңге болуы мүмкін

Ұлттық экономика министрлігі салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Әмрин үкімет отырысында осындай болжам жасады. Акциздің көтерілуі бензин бағасына әсер ететінін бүкпесіз баяндаған департамент директоры:  "Қазіргі таңда бензин бағасының акцизі 8 теңге, бензинің литрі 150 теңге болып тұр. Біз акциз ставкасын 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге арттырдық. Осыдан бір литр  бензиннің бағасына 10 теңге қосылады.  Яғни, акциз 8-ден 18 теңгеге көтерілді. Осылайша, баға шамамен 8 пайызға – 150-теңгеден 160 теңгеге көтеріледі. Бұл жерде акциз баға реттеудің негізгі әрі жалғыз фактор емес екенін ескеру қажет", – деді.

Азамат Әмриннің айтуынша, баға 10 теңгеге көтерілмеуі де мүмкін. 

"2015 жылы бағаны 4,5 мың теңгеден бүгінгі 10,5 мың теңгеге өсірдік. Ал 2015 жылы бензин бағасы көтерілген жоқ", – деді ол. 

Оның пікірінше, бұл өзгеріс инфляцияға әсер етеді. 

"Біз инфляцияға ықпал ететін әсерді талдап көрдік. Тұтыну бағасының  индексі тауарлардың 500 түрімен есептелетінін білесіздер. Олардың үшеуі АИ-93, АИ-95, АИ-98 бензиндері. Олардың үлесі 0,6%-ды құрайды. Осыған байланысты инфляцияға 0,35% ғана әсері болады. Яғни ұлттық банк болжаған 4-6%-дық деңгейден аспайды. Қаулы жобасы мемлекеттік органдардың мақұлдауына жолданды. Салалық мемлекеттік органдармен келіскеннен кейін шешім үкімет отырысына жіберіледі. Онда нақты шешім қабылданады", – деді Азамат Әмрин.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу