Олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев та бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақтөбе облысының бюджеті нақтыланды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың айтуынша, 38,8 млрд теңге құрылысқа, жөндеу жұмыстарына, елді мекендерде газ, су құбыры желілерін жүргізуге және басқа да маңызды мақсаттарға бағытталды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов қаржы бірінші кезекте халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталатынын атап өтті.
"Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамыту, оларды абаттандыру бойынша бірқатар міндеттер қойды. Біз алға қойған мақсаттарға жету үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек", - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ, облыстық мәслихат сессиясы барысында депутаттар мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевқа, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Серікбай Рзабаевқа, медицина профессоры Нағашыбай Ақатаевқа және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтовқа "Ақтөбе облысының Құрметті азаматы" атағын беру туралы шешімін бекітті.