Бердібек Сапарбаев бірқатар әкімге сөгіс жариялады

425

Облыс басшысы Тараз қаласы мен Байзақ және Талас аудандарының әкімдеріне карантин режимін тиісті дәрежеде қамтамасыз етпегені үшін сөгіс жариялады.

Бердібек Сапарбаев бірқатар әкімге сөгіс жариялады

Жамбыл облысы бойынша жедел штабтың кезекті отырысында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал барысы талқыланды, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Статистикаға сәйкес, аймақта COVID-19 ауруыныңу өсуі байқалуда.

"Өкінішке қарай, облысымызда коронавирустық инфекцияның таралуы жалғасуда. Соңғы 10 күннің ішінде 30 жаңа жағдай анықталды. Бұл жергілікті алдын-алу жұмыстарының әлсіздігін және карантиндік шаралардың тиісті деңгейде сақталмай отырғандығын көрсетеді.  Экономикалық қажеттілікке байланысты шағын және орта бизнестің кейбір салаларының қызметіне шектеулер алынып тасталды. Дегенмен бұл қауіпсіздік шараларын елемеуге болады дегенді білдірмейді. Карантиндік режимнің талаптары сақталуы керек және оған барлығы міндетті. Алайда, Тараз қаласы мен аудан орталықтарында көптеген тұрғындар қорғаныш медициналық маскаларын пайдаланбауда, ал сауда орындары мен басқа да нысандарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті талаптар орындалмай отыр. Айталық, Талас және Байзақ аудандарында бір жерде адамдардың көп жиналуына қатыс жағдайдың салдарынан аурушаңдықтың өсуі орын алған", – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековтің айтуынша,  биылғы жылдың 24 наурызынан 21 мамырына дейін аймақта коронавирустық инфекцияның 229 жағдайы тіркелген. Оның басым бөлігі Тараз қаласы мен Қордай және Байзақ аудандарында орын алған.

Департамент басшысы аурудың көбеюінің негізгі себептері ретінде кәсіпкерлік пен сауда нысандарына адамдардың жиналуы, маскалық режимнің бұзылуы, әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы, адамдардың өздері мен өзгелердің денсаулығына немқұрайлылық танытуларын атап өтті.

Басқосуда тұрғындар тарапынан толассыз түскен өтініштерге байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін 25 мамырдан  қайта бастау туралы шешім қабылданды. Ал, қоғамдық көлік қозғалысын қалпына келтіру мәселесі дүйсенбі күні өтетін кезекті штаб отырысында талқыланбақ.

Сондай-ақ, өз жұмысында жіберіп алған кемшіліктері үшін Тараз қаласының, Талас және Байзақ аудандарының әкімдеріне сөгіс жарияланғандығы, сондай-ақ, осы бағытқа жетекшілік ететін Тараз қаласы әкімінің орынбасары қызметінен босатылғандығы белгілі болды. Бұдан бөлек, Қордай, Байзақ және Талас аудандары әкімдерінің орынбасарларының жеке жауапкершілігі қаралады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу