Бердібек Сапарбаев Қордай ауданының ақсақалдарымен кездесті

822

Сондай-ақ, аудандағы төтенше жағдайлар салдарын жою жөніндегі штабтың отырысын өткізді.  

Бердібек Сапарбаев Қордай ауданының ақсақалдарымен кездесті

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы жергілікті ақсақалдармен кездесті, деп хабарлайды әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысымен бірге ауданға облыстық құқық қорғау органдарының басшылары да ілесіп барды.

Облыс әкімі Қаракемер ауылының ақсақалдары қатысқан жиында аудандағы ахуал тұрақталғанын, күнделікті тіршілік қалыпты деңгейде жалғасып отырғандығын атап өтті. Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын барлап, ауа райының қолайлылығын пайдаланып абаттандыру шараларын бастау керектігін тілге тиек етті.

Ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру – аға буын өкілдерінің басты міндеті. Облыс әкімі көршілес ауыл жастарының бірлесе қатысуымен түрлі мәдени-спорттық іс-шараларды ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды. Осы орайда Бердібек Сапарбаев үлгі ретінде күрд диаспорасы қалың шоғырланған Талас ауданының Қасқабұлақ ауылын мысалға келтірді. Ол ауылда соңғы бес жылда бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмегенін, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылардың мүлде жоқтығын, тұрғындардың материалдық жағдайлары да ойдағыдай екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, ауылдағы барлық маңызды шешімдерді ақсақалдар кеңесі қабылдайтынын атап өтті.

Ардагер Төле Сүгірбаев жергілікті аурухананы кадрлармен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге, газ тартуға қол ұшын беруді сұрады.

"Әлеуметтік түйткілдер, оның ішінде көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін табады. Ел Президенті Қордай ауылдарындағы проблемалар туралы хабардар. Бұл тұрғыда тиісті министрліктермен тығыз жұмыс істеу керек", – деп атап өтті аймақ басшысы.

Масаншы және Сортөбе ауылдарының ақсақалдарымен әңгімелескен Бердібек Сапарбаев жергілікті тұрғындарды қалыпты жағдайда өмір сүруге шақырып, заң аясында қоғамдық тәртіп барынша сақталатындығына тоқталды. Көкейдегі сұрақтары мен шағымдарын арнайы келген облыстық прокуратура, ҰҚК және полиция департаменттері басшылары алдында айтуға болатындығын жеткізді.

Жергілікті шаруалар Шу ауданында көкөніс дақылдарын егуді, қолда бар азық-түлік қорын облыс аумағындағы базарларда сатуды тиісінше жалғастыра беруін баса айтты.

Масаншы ауылының тұрғыны Исхар Лоу бүгінгі жағдайдың тұрақты екенін, адамдар өз үйлеріне оралып, балалар сабаққа барып жүргендігіне назар аудартты. Ол балалардың өзара қарым-қатынасын нығайту үшін қазақ және орыс тілдерінде оқытатын аралас мектептерді ашу туралы ұсыныс білдірді. Әйелдер кеңесі мен ақсақалдар сотының құрылғандығын хабарлап, ол қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұтымды үйлестіргені үшін әкімдік пен құқық қорғау органдарына алғысын айтты. Сондай-ақ, Исхар Лоу жастарды арандатқан және әлеуметтік желілерде алауыздыққа үндеген адамдарды анықтап, шара қолдануды сұрады.

Облыс әкімінің тұрғындармен кездесулерінде барлық жұмыстар мен шаралар заң аясында іске асу керектігі баса айтылды.

"Біз барлығымыз заң алдында бірдейміз. Оны кез келген адам ұлты мен діни нанымына қарамастан бірдей сақтауға тиіс. Заңды бұзғандар қатаң түрде жауап беретін болады. Кез келген жағдайда ұлттық құндылықтар мен тәрбие негіздеріне жүгіну қажет. Сол кезде ғана қоғамдық тәртіп, ынтымақ орнайды", –  деді Бердібек Сапарбаев.

Аудандағы жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Сортөбе ауылында төтенше жағдайды жою жөніндегі штаб отырысын өткізді. Онда ауыл әкімдеріне жергілікті тұрғындармен және қоғам белсенділерімен үнемі байланыста болуды, туындаған мәселелерге жедел ден қоюды, жұмыспен қамту және жастардың бос уақытын ұйымдастыруға айрықша назарда аударуды ескертіп, нақты тапсырмалар жүктеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу