Бердібек Сапарбаев өңірдегі ассамблеяның жұмысын сынады

780

Жамбыл облысы әкімдігінде өткен жиында ұлтаралық келісім мен татулыққа қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.  

Бердібек Сапарбаев өңірдегі ассамблеяның жұмысын сынады

Басқосу барысында Жамбыл облысы ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева өз баяндамасында биыл 21 мың адамның қатысуымен 202 іс-шара ұйымдастырылғанын жеткізді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.

"Бұл шаралардың нәтижесі қайда? Ешқандай оң өзгерістерді байқамадым. Бәрі сол қалпында. Тұрмыстық жанжалдарға ұлтаралық сипат беруге дайын адамдар әлі де кездеседі. Бұл жергілікті жерде тиісті жұмыс өз деңгейінде жүргізіліп жатқан жоқ деген сөз", – деді облыс әкімі.  

Ол "Қоғамдық келісім" КММ мен Аналар кеңесінің қызметінің нәтижесіздігін алға тартты.

"Қоғамдық келісім" КММ штатында 40 адам бар. Олардың немен айналысып жатқаны түсініксіз. Олар қарапайым іс-шараларды ұйымдастыру, саны күн сайын көбейіп отырған мәдениет және спорт нысандарын тиімді пайдалану бойынша әрекет етпейді. Бұл жұмыстар өз деңгейінде орындалар болса ол ұлтаралық келісімді нығайту бағытындағы сәтті қадамдардың бірі болар еді", –  деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, жиында Аналар кеңесі өз міндетін толық орындай алмай отырғаны, аға буынның бала тәрбиесіне атсалыспайтыны айтылды.

Бердібек Сапарбаев ауылдарда тұрақты түрде сауалнама жүргізіп, тұрғындарды қандай мәселелер толғандыратынын анықтауды тапсырды.

Өз кезегінде ҚХА хатшылығының және "Қоғамдық келісім" КММ құрылымы мен функциялары қайта қаралады.

Кеңес барысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері де өз ойларын ортаға салды. "Вынхуа" дүнген қауымдастығының төрайымы Айша Идыбо этномәдени бірлестіктер ұлтаралық келісімді нығайтуға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға өз үлесін қосуға тырысып жатқандығын тілге тиек етті. "Вынхуа" қауымдастығының жастар қанатының мүшелері, дүнген ұлтының 175 педагогы мемлекеттік тілді меңгерген. Жаңа оқу жылынан бастап барлық 1 сынып оқушылары мен балабақшалардағы оқыту мемлекеттік тілде жүргізілмек.

Бердібек Сапарбаев дүнген қауымының өкілдеріне Мақтаарал халқына көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.

Сондай-ақ, "Ахыска" түрік этномәдени орталығы филиалының төрағасы Махмұтжон Давришев, "Барбанг" күрдтер қауымдастығы филиалының төрағасы Латиф Айдаров өз ойларын білдірді.

"Халықтың әл-ауқаты экономикаға, экономиканың дамуы – тұрақтылыққа, ал тұрақтылық елімізде тұратын барлық адамдардың өзара келісімі мен татулығына байланысты. Біз бірге болсақ, талай асуларды бағындырамыз, Қазақтар "Бірлік бар жерде – тірлік бар" деп бекер айтпайды. Біз әрқашан татулық пен бірлікте өмір сүрдік. Жылдар бойы қалыптасқан дүниеден бір сәтте айырылып қалуға жол берілмейді. Мұндай оқиғалар қайталанбас үшін ақсақалдардың тұтас бір ұлттың тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын асыл дәстүрімізді қайта жандандыру қажет. Қазақстанда жүзден астам ұлттар мен ұлыстар тұрады. Біздің еліміз – достық "зертханасына" айналған. Татулық пен ынтымақты сақтау – біздің өскелең ұрпақ алдындағы міндетіміз", – деп түйіндеді облыс әкімі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу