Ақтөбе облысының әкімі өңірде болып жатқан жағдайға байланысты қысқа мерзімді еңбек демалысын үзген болатын. Бүгін ол Махамбет, Кірпішті ауылдары мен бау-бақша ұжымдарының қазіргі жағдайымен танысып, Елек, Сазды өзендерінің сағасын қарап шықты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бердібек Сапарбаев саяжай алқаптары тұрғындарын тыңдап, үйлерін аралап шықты.
"Жағдай оңай емес. Бұл тек Ақтөбеде ғана емес, Қазақстандағы бірнеше өңірді айналып өткен жоқ. Бұл уақытша қиындық, кішкене сабыр ету қажет. Біздің міндетіміз – осы мәселенің шешілуіне барынша атсалысу. Ең бастысы – дүрлікпей, бірлесе отырып бір-бірімізді қолдауымыз тиіс. Ешкім назардан және жәрдемнен тыс қалмайды, бірақ көрсетілетін көмектің барлығы заң аясында болады. Келтірілген шығынды анықтап, су тасқыны салдарын жою шараларын жүргізетін қалалық комиссия құрылды. Комиссия әрбір отбасымен жеке-жеке жұмыс істеп, олардың материалдық жағдайын қарастырып, шығынын бағалайды. Бірақ, ол үшін құқық белгілеуші құжаттар қажет. Комиссия әрбір үйге қатысты нақты шешім қабылдайды", – дейді облыс әкімі.
Сонымен қатар, өңір басшысы №40 және Қарғалы орта мектептеріндегі уақытша орналастыру бекеттеріне де барды. Мұнда 500-ден аса адам бар, олардың 200-і бала.
Еске сала кетейік, Ақтөбеде жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын.
Өңірде саяжайлардағы 597 үй мен ауланы су басып, 1510 адам қауіпсіз жерге көшірілді, 69-ы құтқарылды. Тұрғындар су басқан орындардан кереует, көрпе-төсек, ыстық тағамы бар уақытша көшіру орындарына орналастырылып жатыр. Орта мектептер жанынан 7 бекет ашылды. Оның төртеуіне 832 адам орналастырылса, 325-і бала.