Жамбыл облысының әкімі "Үздік учаскелік полиция инспекторы" және "Үздік учаскелік полиция бекеті" облыстық конкурстарының жеңімпаздарын марапаттап, Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Руслан Мұсаевқа және Қордай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Саят Сүлейменге "Нива" жаңа қызметтік автокөліктерін табыстады, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Дегенмен, әр аудан мен облыс орталығының үздік учаскелік инспекторлары да жаңа көліксіз қалған жоқ. Өңір басшысы барлығы 12 автокөліктің кілтің тапсырды. Оған ие болғандардың қатарында "Дельта Долина" есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі ауданаралық бөлімінің ұжымы да бар. Биылғы жылы полиция автопаркі 100 жаңа автокөлікпен толықты.
Соңғы екі күнде облыс тұрғындары ғана емес, бүкіл Қазақстан болып Мойынқұм ауданында жоғалған жеті жасар баланың табылуына тілектес болғаны белгілі. Жоғалған бала Мойынқұм ауылының тұрғыны, ішкі істер органдарының ардагері Ермұрат Спановтың көмегімен табылды.
"Полиция департаменті іздестіру шараларын ауқымды түрде ұйымдастыра білді. Барша Қазақстан болып жоғалған баланы тағдырына алаңдаған еді. Сізге үлкен рахмет", – деп облыс әкімі алғыс білдіріп, қолсағат сыйлады.