Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Арменияға жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Бердібек Сапарбаев пен Армения премьер-министрінің орынбасары Тигран Авинянның кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықтың көптеген мәселелері қаралды.
"Қазақстан Армениямен өзара тиімді серіктестікті дамытуға, оның ішінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен мән береді, сондықтан біз премьер-министрдің тапсырмасы бойынша білім, денсаулық сақтау және ақпараттық технологиялар саласындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін талқылауға келдік", — деді Бердібек Сапарбаев.
Өз кезегінде Арменияның вице-премьері екіжақты байланыстарды тереңдетуге қызығушылық танытып, елдеріміз арасындағы тауар айналымын ұлғайтудың елеулі әлеуетін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Бердібек Сапарбаев армян әріптесіне кітаптар сыйлады, атап айтсақ: Абай шығармаларының жинағы, Әл-Фарабидің "Таңдамалы трактаттары" және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың "Тәуелсіздік дәуірі" кітабы.