Бұл туралы бізге ҚР Мәдениет қайраткері, жырау Берік Саймағанбетов айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кейіпкеріміз тарих сахнасына жыраулар өнерпаз есебінде емес, елдің абызы, ханның ақылманы есебінде шыққанын еске салды.
– Жыр қайдан шықты? Тұтастай қоғамның қалыптасуына әсер ететін факторлар болады, ақпарат алмасудың қиын кезінде, бұқаралық ақпарат құралдарының әлі шыға қоймаған уағында елдің рухани қоректенуіне осы жырдың, оны насихаттайтын жыраулардың рөлі ерекше болғандығын тарихтан хабары бар кез келген адам жақсы біледі. Кезінде ата-бабаларымыз аң-құстың, табиғаттың сырларын терең білгендігін тарихи жазбалар арқылы танимыз. Тарих сахнасына жыраулар өнерпаз есебінде емес, елдің абызы, ханның ақылманы есебінде шықты. Ойды тереңдете қараған көкірегі ояу, көзі ашық әр пенде асыл жырларымыздың тәрбие құралы, халықтың санасы екендігіне шүбәсі болмауы керек. Жырды зердесіне тоқыған әрбір жас, бұзық іске бой алдырмай, Алланың жақсы көретін көркем мінезіне иелік қылары даусыз. Жырды жанына серік еткен жанның ешкімнен ауазасы кем болмай, атағы аспандайтыны – жырдың нәрінде көкірек көзді аша алатын қасиеттің барында, – дейді кейіпкеріміз.
ҚР Мәдениет қайраткерінің сөзінше, Сыр сүлейлері шығармаларының дені қасиетті хадистерден алынған. Ал тәпсірі жыр күйінде тыңдауға жатық тілде халыққа ұсынылған.
– Иманмен байланысқан кез келген жырдың көпшілікке сіңбейтіні жоқ. Міне, жырдың басты ерекшелігі де – осында. Осы тұрғыдан келгенде, біздің орындаушыларымыз, жыршыларымыз, жырауларымыз елді аралап, асыл дінімізді әспеттеп уағыз айтып жүрген имам іспетті. "Ағартушылық – ауыр міндет" десе де, өзің біле тұра, хабарсыз халықты құлағдар етпеудің сұрауы одан да ауыр екенін бір сәтке де естен шығаруға болмайды. Қазақтағы түрлі ырым-тыйымдар, сіз бен біз айтып жүрген жырлардың түп-төркінін зертеп қарасаңыз, бүкіл адамзат баласына ортақ асыл дініміз исламға барып байланатынын аңғарасыз. Демек, Жер ананың төсіндегі барлық халыққа ортақ құндылықтар саны біз ойлағаннан әлдеқайда көп. Жыраулық өнердің басқа өнерге қарағанда бір бас жоғары тұруының сыры да осында. Сыр сүлейлерінің шығармалары ақыл-парасатқа, ұлттық тәрбиеге, арамнан алшақ адалға жақын жүруге шақырады. Бұл сіз бен біз жаттап өскен жырдың қалпы (өзегі) еді. Өткен дәуірде насихаттың ең үлкені әрі қайырлысы жыраулар арқылы жасалғанын кәрі тарих еш бүкпесіз айтып отыр. Тәрбиені тал бесіктен ұрпақ бойына сіңіре білген баба қазақ еріккеннен жыр жаттамаған. Біріншіден, жырды оқып отырған баланың сана ауқымы кеңейіп, өзіне тән жады қалыптасады, екіншіден жырларды жаттау арқылы көкірегіндегі әлсіз сәуле жан-жағына жарық шашар нұрға айналады, – деді Берік Саймағанбетов.
Қазақ халқының рухани құндылықтары өз кезегінде саналы да салихалы ұрпақтың өсуіне жол ашады.
– Тыңдағанның жанын жадыратар, ет жүрегіңді езіп жіберердей сезім сыйлай алатын, сергелдеңге түскен пендені өз жүрегі арқылы тоқтата алар қасиетке ие жырдың асыл тегін осылай топшыладым, – деп сөзін қорытындылады кейіпкеріміз.