Берлинде Германия тарихындағы ең қымбат автобан учаскесі – А100 жолының жаңа бөлігі пайдалануға берілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Құрылыс жұмыстары 12 жылға созылып, әр метрінің құны 225 мың еуроға жетті. Жобалау кезінде тіпті жарқанаттардың мекендеу аймағына келетін зиян да есепке алынған.
Жаңа жол Берлинге жақын маңдағы қалалардан қатынайтын тұрғындардың жолын жеңілдетіп, кей аудандардағы көлік жүктемесін азайтады деп күтілуде.
Алайда жоба сынға да ұшырап отыр. Сарапшылардың пікірінше, қымбат автобан қаладағы көлік санын көбейтіп, экологияны нашарлатуы мүмкін. Сондай-ақ олар Берлинде бар жолдар мен көпірлерді жөндеуге, теміржол инфрақұрылымын дамытуға қаражаттың жетіспей жатқанын алға тартады.
Сыншылар Берлиннің көлік саясаты басқа еуропалық қалалардан артта қалып отырғанын айтады. Мысалы, Копенгаген, Вена және Барселонада жаяу жүргіншіге арналған аймақтар мен велосипед жолдары көбейсе, Берлинде керісінше – 30 км/сағ жылдамдық шегінен бас тартып, велосипед жалдау жүйесіне субсидия тоқтатылған.