Түркістан облысының полицейлері бес тұрғынның ақшасын есепшотынан шешіп алған пошта қызметкерін ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті екі тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша, оларға мемлекет тарапынан бөлініп, есепшоттарына түскен атаулы әлеуметтік жәрдемақысының бір бөліктерін белгісіз біреу шешіп алған, екі әйелдің әрқайсысынан 300 000 теңгеден астам ақша алынған.
"Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 189-бабы бойынша тіркеліп, СДТТБТ-не енгізілді. Қылмыстық істің мән-жайын анықтау, ашу барысында келестік тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, барлық қажетті тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктінің жекебасын анықтады. Ол жергілікті тұрғын, бұрынғы пошта қызметкері болып шықты",– дейді органнан.
Тергеу барысында күдікті пошта бөлімшесінде жұмыс істеп жүрген кезінде тұрғындардың ақшасын өзі қол қойып, шешіп алғаны белгілі болған. Сонымен қатар, күдіктінің осыған ұқсас тағы үш жайтқа қатысы бары анықталыпты.
"Ол өз кінәсін толық мойындап отыр. Осылайша күдікті жәбірленушілердің 1,5 миллионға жуық ақшасын есепшоттарынан заңсыз алып, өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Бас шарасы қолхатпен босатылды. Өзінің қызметін пайдалана отырып, жалған құжаттармен, өзгенің сеніп тапсырылған ақшасын иемденген күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 189-бабы “Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу” бойынша тергеу амалдары жүргізілуде",– деп жазылған хабарламада.