Бес асық ойнаған қыздың видеосы 34 миллионға жуық қаралым жинады

Үйірменің үйретері көп екенін қызылордалық қыз дәлелдей түсті. 

Бес асық ойнаған қыздың видеосы 34 миллионға жуық қаралым жинады Фото: Шерхан Сламханұлы

Бес асық ойнаған 12 жастағы Мәриям Жаңабайдың видеосы өте көп қаралым жинап, қоғамда қызу талқыға түсті.

Видеоны дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі оқушының жаттықтырушысы әлеуметтік желіге жүктеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойынды қайта жаңғыртқан Шерхан Сламханұлы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Дүр Оңғар ауылындағы №107 орта мектепте сабақ береді. Ол "видеоның осыншама қаралым жинайтыны ешкімнің ойына келмеді" дейді.

"Асық ату және бес асық ойынын қолға алғаныма 5 жылдың көлемі болды. Осы уақытта балаларға қатты қызық болғаны – бес асық ойыны. Бұл ойын балалардың ойлау қабілеті мен жылдамдығын арттырып, ұсақ қол моторикаларын қалыптастырады. Балалармен жиі жұмыс істеп, қызықты тапсырмалар беріп, бес асық ойыны арқылы ұлттық құндылыққа деген қызығушылығын арттырдық. Алдағы сайыстарда жүлделі орын алу үшін екеуара сайысып, жеңген шәкіртіме кішігірім сыйлық ұсынып, ынталандыру мақсатында марапат беріп тұрамын", - дейді ол.

Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің №107 орта мектебі" КММ-ның директоры Бақытбек Нұрманов оқушылардың бес асыққа құмартуына "Денсаулық әлемі" атты жобаның да септігі болды деп есептейді.

"Қызылорда облысы білім басқармасының 2021-2022 оқу жылында тірек мектептер мен серіктес мектептердің педагогикалық ынтымақтастығы аясында спортты насихаттау бойынша іс-шаралар өткізу, мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдаланып, өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстану дағдысын үйрету мақсатында "Денсаулық әлемі" жобасы құрылған еді. Осы жоба аясында жас ұрпаққа құндылықтарды дәріптеп, асық ойынын жандандырып оқушылардың ұлттық ойынға деген қызығушылығын арттыру мақсатында мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Шерхан Сламханұлының жүргізуімен "Бес асық және асық ату" үйірмесі ашылған болатын. Қазіргі таңда үйірмеге 30-ға жуық бала тартылған", - дейді мектеп директоры.

Видеосы Қазақстан, Орта Азия былай тұрсын, әлемнің түпкір-түпкіріне таралған ұстазы мен шәкіртін отандық телеарналар жарыса шақырып, арнайы бағдарлама әзірлеуде. Әріптестері мектептің аты жақсы жағынан шыққанына, ұлттық ойынмен өзге ұлттардың да танысқанына қуанышты.

"Әріптесіміз Шерхан оқушыларға бес асық ойнаудың қыр-сырын көптен бері үйретіп жүр. Бүгінде нәтиже бар, мектеп оқушылары аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда өз мықтылығын дәлелдеп үлгерді. Шыны керек, видео дәл бұлай көп қаралым жинайды деп ешкім ойламаса керек. Меніңше, ұлттық ойынымыз шетелдіктерге таңданыс тудыру арқылы көп қаралған секілді", - дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Ешниязова.

Шәкірттерін шыңға шығарған Шерхан ұстаз ізденістің тоқтатпайтынын айтып отыр. Видеоның таралымы артқан сайын ұлттық ойынды үйренушілер қатары көбейе түсетініне сенімді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу