"Бес күн комада жатты": Қостанайда босанған ана қайтыс болды

661

Оның артында 12 жасар ұлы мен жаңа туған сәбиі қалды.  

"Бес күн комада жатты": Қостанайда босанған ана қайтыс болды Фото: ernur.kz

Қостанай облыстық ауруханасының перинаталдық орталығында жас ана қайтыс болды, деп жазады inbusiness.kz "Наш Костанай" порталына сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, 10 қаңтар күні 36 жастағы жүкті әйел Әйгерім Әбілдинаның қан қысымы жоғарылап, жедел жәрдем көлігімен перзентханаға жеткізілген.

Ауруханаға келгеннен кейін оның қысым қалпына келген. Бірақ та жүкті әйел ауруханаға жатқызылуы тиіс болған. Мұны кезекші дәрігерден бастап бас дәрігердің өзі де талап еткен. Жүкті әйел ауруханаға жатудан бас тартып, үйіне баратыны жөнінде қолхат қалдырған. Бұл кешкі сағат 22.00 шамасында болды.

Екі сағаттан кейін Әйгерім Әбілдина ес-түссіз күйде жедел жәрдем көлігімен перинаталдық орталыққа қайта жеткізілді. Әйел комаға түскен. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Қуат Әлмағамбетов хабарлады.

"Жүкті әйелді жедел жәрдем көлігімен екінші рет апарған кезде, оған "миға қан құйылу" диагнозы қойылды. Кейін бұл КТ жасағанда расталды. Жүктіліктің 37-аптасындағы әйелдің өмірін сақтап қалу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Оған ота жасалып, кесарь тілігі жасалды. Құрсағындағы сәбиді аман алып қалдық. Бүгінгі таңда нәресте өзін жақсы сезінеді. Өкінішке қарай бес күн комада жатқан әйел оянбаған күйде қайтыс болды. Сот-медициналық сараптама қорытындысы миға қан құйылғанын растады", - деді ведомство өкілі.

Қуат Әлмағамбетовтің сөзінше, қайтыс болған әйел осыған дейін денсаулығына шағымданбаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу