Жаңалықты smartnews.kz сайты да жариялады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қазіргі таңда Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстарында "Құқық бұзушылыққа жол жоқ" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Рейд нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 22 мыңнан астам дерегі анықталған. Оның ішінде шамамен 500 жағдай мас күйде немесе жүргізу құқығынсыз көлік басқаруға қатысты. Сонымен қатар, қарсы бағытқа шығу, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту және жалған мемлекеттік нөмір қолдану сияқты 300-ге жуық өрескел құқық бұзушылық тіркелген.
Бұдан бөлек, көлік жүргізу кезінде телефон қолданудың 800-ден астам дерегі анықталған. Жалпы, 2,8 мыңнан астам автокөлік айып тұрағына қойылып, 450-ден астам мемлекеттік тіркеу нөмірі алынды.
Полиция өкілдері әрбір тоқтатылған құқық бұзушылықтың алдын алынған апат екенін атап өтіп, барлық жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға шақырды. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен жалғасады.