Бес павлодарлық вирустық пневмонияны екінші рет жұқтырды

461

Олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.  

Бес павлодарлық вирустық пневмонияны екінші рет жұқтырды

Мамыр-шілде айлары аралығында провизорлық орталықтар мен амбулаторлық жағдайда ем қабылдап, аурудан айығып шыққан облыстың бес тұрғыны тағы да вирустық пневмонияға шалдықты. Олардың төртеуінің ПТР тест талдамасы вирустың жоқ екенін анықтағанмен, компьютерлік томография өкпенің қатты қабынғанын көрсетіп отыр. Ал бір науқастың талдамасы оң нәтиже берді.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің сөзінше, бұрын коронавируспен, вирустық пневмониямен ауырғандар сақтық шараларын қатаң сақтау қажет. "Бір рет ауырдым, енді маған қауіпті індет жұқпайды" деп ойлау – жаңсақ пікір, – дейді облыстың бас дәрігері.

"Жыл басынан бері, әсіресе пневмония белең алған мамыр-шілде айларының аралығында 300-ден астам адам вирустық пневмониядан қайтыс болды. Соңғы айларда өлім жағдайы тіркелген жоқ. Бірақ бұл денсаулыққа немқұрайлы қарауға болатынын білдірмейді", – дейді Айдар Сейітқазинов.

Сонымен қатар аймақтың 30-дан астам медициналық қызметкерінен COVID-19 анықталды. Олардың 10-ға жуығы қауіпті вирусты жұмыс барысында, қалғандары отбасы мүшелерінен, тұрмыстық жағдайда, қоғамдық орындарда жұқтырып алған көрінеді.

Дүйсенбі күні Павлодар облысы "қызыл аймаққа" кіріп, 12 блокбекет қойылып, карантин шаралары күшейтілген соң сырқатқа шалдыққандар саны да азайып келеді. Апта басында коронавирус белгілері байқалған адам саны 68 болса, соңғы тәулікте 49 жағдай тіркелді. Яғни күн сайынғы өсім 1,24%-дан 1%-ға дейін төмендеді. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Батырбек Әлиевтің айтуынша, екі апта бойы көрсеткіш осылай төмендеп, науқастар қатары едәуір азайып, өңір "сары аймаққа" өтсе, блокбекеттер алынып тасталуы мүмкін. Керісінше жағдай одан әрі ушықса, облысқа келетін азаматтардан ПТР тест талдамалары талап етілуі ықтимал.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу