ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осыдан екі күн бұрын Павлодар облысында "нигериялық" штамның бір жағдайы тіркелгенін хабарлаған еді. Бүгін бұл вирустың 2016 жылғы баладан анықталғаны белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің айтуынша, "Eta" деп аталатын штаммен баланың бүкіл отбасы ауырған болуы мүмкін.
"Тамыз айында бір отбасының мүшелерінен тиісті сынамаларды алып, олардың біреуін Алматы қаласындағы референс-зертханаға жіберген едік. Талдау нәтижесі бес жасар баладан алынған сынаманың "нигериялық" штамм екенін көрсетті. Отбасының басқа мүшелері де осы штаммды жұқтырып, ауырған болуы ықтимал", - деді Айдар Сейітқазинов.
Қазіргі кезде науқастардың барлығы толығымен айығып шықты. Десе де, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, санитарлық-эпидемиологиялық департаменттің басшылықтары бұл отбасының коронавирустық инфекцияның жаңа түрін қайда және қашан жұқтырғанын дөп басып айта алмады.
Еске сала кетейік, елімізде жүргізілген генетикалық зерттеу нәтижесі төрт облыстан қауіпті індеттің соңғы штамын анықтаған болатын.
Ажар Дәулетова