Осы секілді оқиғаның бұған дейін де тіркелгенін жазған едік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Видеода 5 жастағы баланың бетін кескілеген жасөспірімнің іс-әрекеті анық таспаланған.
Оның одан кейін де тағы бір кішкентай қызға шабуылдамақ болғаны анықталды.
Кадрда жасөспірімнің лифт жабылуына жол бермей, қыздың жоғары қарай көтерілуіне кедергі келтіргені анық байқалады. Ол пышақты шығарып, балаға кеземек болады. Десе де, басқа бір жайттан сескеніп, пышақты тықпайды.
Беті кесілген 5 жастағы бала №2 қалалық көпсалалы балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөлімшесіне жатқызылған. Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті балаға қан кетуін тоқтату үшін ота жасалғанын хабарлады. Баланың отадан кейінгі жағдайы қалыпты. Дегенмен, пышақ жарақаттарынан кейін жалпы жағдайы ауыр деп бағаланған.
Астана полиция департаменті кәмелетке толмаған қаскүнемнің заңды өкілі ата-ана міндетін дұрыс орындамағаны үшін бұған дейін де жауапқа тартылғаны туралы ақпарат таратты.
Аталған жайтқа қатысты депутат Асхат Аймағамбетов те пікір білдірген еді.
Оның сөзінше, мұндай адамдарды қамау арқылы мәселе шешілмейді.