Бес жылда Назарбаев зияткерлік мектептеріне 250 млрд теңге бөлінген

1901

НЗМ қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы шықты. 

Бес жылда Назарбаев зияткерлік мектептеріне 250 млрд теңге бөлінген Фото: www.facebook.com

Назарбаев Зияткерлік мектептері өткізген сатып алулар бойынша 10,5 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоғары аудиторлық палата отырысында 2019-2023 жылдардағы "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері қаралды.

Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов атап өткендей, осы жылдар ішінде НЗМ бірқатар оң нәтижеге қол жеткізген: кәсіби педагогтардың үлкен ұжымы қалыптасты, оқытудың тиімді әдістемелері жасалып, ғылыми зерттеулер жолға қойылды. Алайда қазіргі заманғы оқу бағдарламалары мен табысты тәжірибені орта білім беру жүйесіне тарату бөлігінде елеулі проблемалар мен кемшіліктер орын алған.

Жалпы есепті кезеңде Назарбаев Зияткерлік мектептері жұмысына бюджеттен 250 млрд теңге бөлінген, соның ішінде 22 млрд теңгеден астамы тәжірибені таратуға қаралған. Дегенмен бүгінгі таңда мемлекеттік жоспарлау жүйесінде НЗМ рөлі нақты айқындалмаған. Атап айтқанда, бағдарламаларда, ұлттық жобалар мен тұжырымдамаларда тәжірибені тарату нәтижесіне қатысты нақты міндеттер, функциялар мен көрсеткіштер белгіленбеген.

Мұның маңызды бөлігі – жалпы білім беретін мектептерге НЗМ әзірлеген оқулықтарды енгізу. Бірақ салалық министрлік мақұлдаған білім беру процесіне арналған 3 мыңнан астам оқулықтың небары 67 немесе 2% ғана НЗМ үлесіне тиесілі. Осылайша, ұйымның орта білім беру жүйесін дамыту әлеуеті толық пайдаланылмай отыр.

Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бұл бағыттағы нәтиженің бөлінетін қаржыландыру көлеміне сәйкес келмейтініне назар аударды.

"Ұлытау облысының барлық бюджеті көлеміндегі қаражат осы бес жылдан аз уақыт ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептеріне бөлінген. Оның ішінде 22 млрд теңгеден астам қаражат тәжірибені таратуға қаралған. Статистиканы қалай қарасақ та, өкінішке қарай, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Оның үстіне, бұл тіпті мемлекеттік жоспарлау жүйесі шеңберінде де қамтылмаған", - деді Әлихан Смайылов.

Аудиторлық қорытындыда көрсетілгендей, тұтастай алғанда НЗМ қаржыландыру механизмі қаражатты пайдаланудың ашықтығын, есептілігін және нысаналы сипатын қамтамасыз етпейді. НЗМ-де іс жүзінде жүргізілмеген іс-шаралардың жоспарланғаны анықталды. 2019-2023 жылдары орындалмаған іс-шаралар көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрады.

Ақпаратқа сәйкес, пайдаланылмаған қаражатты кейінгі қаржы жылдарына ауыстыру мүмкіндігі бюджетті жаңа жоспарлау кезінде әрдайым ескеріле бермейтін бюджет қаражаты қалдықтарының едәуір көлемінің қалыптасуына алып келді. Мәселен, 3 жыл ішінде НЗМ 16,4 млрд теңге көлеміндегі қаражатты игермеген, ал банк шоттарында жыл сайын 27-ден 55 млрд теңгеге дейінгі мөлшерде қаржы қалдықтары жинақталған.

НЗМ өткізген сатып алулар бойынша 10,5 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Мысалы, 1 млрд теңгеден астам сомаға бір көзден сатып алу тәсілін заңсыз қолдану, өтінімдерді негізсіз жіберу немесе қабылдамау және т.б. жағдайлар орын алған. Бұдан басқа, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері және бөгде ұйымдардың коммерциялық ұсыныстарының негізінде тауарларды жоғары құны бойынша сатып алу фактілері анықталды.

Жалпы мемлекеттік аудит барысында:

               ⁃             274,4 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар;

               ⁃             8,3 млрд теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау;

               ⁃             шамамен 6 млрд теңгені тиімсіз пайдалану;

               ⁃             134 рәсімдік бұзушылық пен 30 жүйелік кемшілік анықталды.

Тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша 1 материал құқық қорғау органдарына, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар тағы 10 факті бойынша материал әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу