2017 жылы Бесқарағай ауданында 1200 және 600 ірі қара малға арналған тауарлы сүт фермалары жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллин ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Оның айтуынша, экономика жағдайы, халықтың өмір сүру деңгейі, ауданның азық-түлік қауіпсіздігі едәуір дәрежеде аграрлық сектордың тұрақты жұмысына байланысты. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін мүмкіндігінше барлық жағдай жасалып жатыр.
"2017 жылы қолданыстағы өндірістерді жаңғырту және жаңа өндірістер ашу жұмысы жалғасады. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасымен ауданда сүтті мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2016 жылы ауданда сүт қабылдайтын екінші пункт ашылды. Жұмыс істеп тұрған төрт тауарлы сүт фермасына 1200 және 600 ірі қара малға арналған тағы екі ферма қосылмақ", – дейді спикер.
Сондай-ақ сүт өңдеу цехына сүт қабылдау пунктін ашу жоспарланып отыр.