Бесқарағай ауданының орталығында табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ШҚО төтенше жағдай департаменті.
Жерасты суының деңгейі бұрынғы қалыпта, сондықтан жергілікті атқарушы орган адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданған.
14 сәуір күні ауылдың шетінде, төменде орналасқан 9 үй және 10 ауланы су басқан. Су басқан орыннан 22 адам көшірілді. 4 күнде жағдай өзгеріссіз қалып отыр. Аумаққа 1500 тонна инертті материал жеткізілді. Топырақты төгіп бекіту жұмысы жүргізілді. Жергілікті тұрғындар арасында нұсқаулықтар жүргізіліп, жадынамалар таратылды.
Әкімдікте жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. Оған төтенше жағдай және азаматтық қорғаныс қызметтері кіреді. Жағдайды аудан әкімінің міндетін атқарушы Ербол Рахметуллин бақылауда ұстап отыр.