"Кабинеттен лақтырып жібергім келіп тұр": Маңғыстаудағы ауыл мұғалімінің оқушыларға айтқаны желіде талқыға түсті

1436

Маңғыстау облысы Баутино ауылындағы Горький атындағы мектеп-лицей мұғалімінің оқушысына ұрысып жатқан видеосы қызу талқыға түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Кабинеттен лақтырып жібергім келіп тұр": Маңғыстаудағы ауыл мұғалімінің оқушыларға айтқаны желіде талқыға түсті Фото: видео скриншот

Видеода мұғалім оқушы қыздан жемпірін шешуді талап етеді. Дегенмен сол видеода басқа оқушылар да жейде, жемпір киіп алғаны көрсетілген. Оған қоса ол ұялы телефонын тапсыруды талап етеді, қыз тапсырғанын айтады.

"Бүкіл сыныптың алдында мен мына жемпірді шешуін талап етемін. Бөлме ыстық. Ал ол "тоңып тұрмын" дейді. Беті бүлк етпей отырғанын қарашы! Мен ұялы телефонын тапсыр дедім, өйткені тест болып жатыр, бірақ ол оны маған бермеді. Талаптарымды орындамағандықтан, сабақтан шығып, үйіне қайтуын сұраймын. Әбден құтырып кеткен! Кабинеттен лақтырып жібергім келіп тұр", – деді мұғалім.

Қыздың жақындары мұғалімнің сөздері этикаға жат екенін және ұстаз мәртебесіне сай келмейтінін айтып, оны жазалауды талап етіп отыр.

Сөздерінше, мұғалім бірнеше жылдан бері қызды қорлап келе жатыр. Желідегі пікірлерден мұғалімнің 20 жылдық еңбек өтілі бар екенін көруге болады. 

Облыстық Білім басқармасы Баутино ауылының мұғалімі тәртіптік жазаға тартылғанын мәлімдеді.

"Мәселе комиссия отырысында қаралды. Комиссияның шешімімен "Педагогикалық әдептің кейбір мәселелері туралы" оқу-ағарту министрлігінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйрығына сәйкес, мұғалім тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Педагогикалық этиканың негізгі қағидаларын бұзғаны үшін "ескерту" берілді. Оқушының ата-анасы мектепке шақырылды, бірақ олар келмеді", – деді Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу