Америкалық Amazon корпорациясының негізін қалаған кәсіпкер Джефф Безостың байлығы 211 миллиард долларға жетті, деп хабарлайды Inbusiness.kz жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
7 шілдеде Безос активтерінің жалпы құны 8,44 млрд долларға өскен.
Бұған дейін мұндай рекордтық көрсеткіш қаңтарда тіркелген еді. Ол кезде Tesla және SpaceX басшысы Илон Масктың байлығы 210 миллиард долларға дейін артқан еді. Бірақ соңғы айларда бұл көрсеткіш 181 миллиард долларға дейін төмендеді.
Дүйсенбіде Безос Amazon корпорациясының бас директоры қызметінен кетті деп хабарланған еді. Оның орнына бұрын Amazon Web Services қызметін басқарған Энди Джесси келді.
Безос қазір әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде бірінші орында. Маск екінші орында. Үшінші орынға LVMH (Louis Vuitton Moet Hennessy) компаниялар тобының президенті Бернар Арно жайғасты.
Amazon басшысы активтерінің құнының қымбаттауы наурыз айының ортасынан бастап корпорация акциялары бағасының 20%-ға өсуіне байланысты деген пікірде сарапшылар.
Табиғат Нұрболат