БҒМ: мұғалімдерге ағылшын тілін үйретуге 10 млн теңге бөлінді

1198

БҒМ: мұғалімдерге ағылшын тілін үйретуге 10 млн теңге бөлінді

ҚР Білім және ғылым министрлігі мұғалімдерге ағылшын тілін үйретуге бағытталған пилоттық жобаны жүзеге асыруға 10 млн теңге бөлді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.

Елімізде үштілді білім беру бағдарламасын жүзеге асыру үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Professional Development Centre компаниясы арнайы пилоттық жобаны қолға алған болатын. Алдағы уақытта физика, химия, биология және информатика пәндерінің мұғалімдері ағылшын тілін жетік меңгеретін болады.

"Пилоттық жобаны қолға алдық. Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында 25 мұғалім, жалпы 75 ұстаз ағылшын тілін үйреніп жатыр. Олар алған білімін үнемі жетілдіріп отырады. Ағылшын тілін меңгерген ұстаздар ертең өз әріптестеріне көмектесетін болады. Әр мұғалімді қадағалап отырамыз. Қанатқақты жобаға 10 млн теңге бөлінген", – деді ол.

Зейнеп Мақсұтова мұғалімдерге арналған ағылшын тілі курсының қанша уақытқа созылатынын айтты.

"Негізі, курстардың ұзақтығы мұғалімнің деңгейіне байланысты. Егер олар оқуды бірден алып кете алса, онда курс 4-5 айда аяқталады. Алып кете алмаса, курс одан әрі жалғасуы мүмкін", – деді З.Мақсұтова.

Айта кетейік, елімізде 2019 жылдан бастап үш тілде білім беру жүйесі енгізіледі.

"100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 76,79, 86 қадамдары бойынша тек жоғары сыныптар үш тілде оқытылады. 10-11 сынып оқушылары ағылшын тілінде оқиды. Оларға 4 пән беріледі. Оқушылар екі сабақты таңдап алуға құқылы. Олар – химия, биология, физика, информатика пәндері. Таңдау оқушының болашақ мамандығына байланысты болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу