Facebook әлеуметтік желісінде Астанадағы "Жыл мезгілдері" тұрғын үй кешенінде лифттің құлағаны туралы ақпарат тарады. Аталмыш үйді салған BI Group компаниясы болған оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Әлеуметтік желіде "Жыл мезгілдері" ("Времена года", 1 және 2-кезең) елордалық тұрғын үй кешенінде лифттің құлағаны туралы ақпаратқа байланысты хабарлаймыз: лифттің кабинасынан жолаушыларды эвакуациялау туралы хабарлама 10 наурызда сағат 13.50 уақытында келіп түсті. Қызмет көрсетуші лифттік компанияның механиктері бірден шақырылған орынға шықты. Лифт кабинасынан жолаушыларды эвакуациялау сағат 14:05 уақытында аяқталды", – делінген компанияның хабарламасында.
BI Group сонымен бірге ақаудың шығу себебін түсіндірді. Атап өтілгендей, қауіпсіздік шынжырындағы буфер датчигінің сымы қажалып, қиылған. Салдарынан жылдамдықты шектеу құрылғысы штаттық режімде іске қосылған.
"Тіркеу құрылғысы лифттің құлау жағдайын тіркеген жоқ. Жолаушылар лифт кабинасында 15 минуттан артық болған жоқ", – деп хабарлады компаниядан.
Айта кетсек, бұған дейін Facebook әлеуметтік желісінің "Астана хочу похвалить/пожаловаться" тобында Қабанбай батыр көшесі 48/5 үйіндегі "Жыл мезгілдері" тұрғын үй кешенінде лифттің үзіліп кеткені туралы ақпарат жарияланған болатын.