"Бибігүл Сұлтанова тізімде бар"

1031

Атырау облысында коронавирус инфекциясынан 12 медициналық қызметкер көз жұмған.

"Бибігүл Сұлтанова тізімде бар"

Атырау облысында коронавирус инфекциясымен өмірінің соңына дейін күрескендердің бірі – 10 шілде күні қайтыс болған Бибігүл Сұлтанова. Өзі отыз екі жыл медбике болып еңбек еткен Махамбет ауылындағы ауруханада көз жұмған Бибігүлге "вирустық пневмония" деген диагноз қойылған. Ауылдастары оның елге келген індеттің бетін қайтару үшін жанталаса еңбек еткендердің қатарында болғанын айтады, сол үшін ол апталап үй-ішіне бармай, нағыз ауру ошағының ортасында жүрген.

Бұған дейін жергілікті БАҚ-та Бибігүл Сұлтанова диагнозы сәйкес келмегендіктен, аймақтағы "COVID-19-дан" көз жұмған медициналық қызметкерлер тізіміне енбегені айтылып, халықтың сынына ұшыраған. 

Бұл мәселеге байланысты пікір білдірген Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров "Бибігүл Сұлтанова есімді Махамбет ауданының мейірбикесі пневмониядан көз жұмған медициналық қызметкерлердің тізімінде бар. Аталған қызметкеріміздің есімі тізімге алынбаған деген ақпарат шындыққа жанаспайды" деп отыр.

Белгілі болғандай, ертең Атырауда коронавирус, пневмония індетін жұқтырған және көз жұмған медициналық қызметкерлерге өтемақы төлеу  бойынша арнайы комиссия отырысы өтеді. Ол бойынша, әр жағдайдың негізінде эпидемиологиялық тексеру жасалып, нақты қорытынды шығады. 

Соңғы дерекке сәйкес, коронавирус инфекциясынан Атырау облысында 12 медициналық қызметкер көз жұмған. Олардың ішінде жұмыс бабында инфекция жұқтырып көз жұмғандармен бірге, зейнет демалысына шыққан медициналық қызметкерлер де бар. Бүгінде Атырауда коронавирус инфекциясын жұқтырып алған медициналық қызметкерлер саны - 228. Ал пневмония дерегі бойынша мәліметтер нақтылануда.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу