"Құрметті достар, олимпиадалық дайындық процесіне кедергі келтіретіндей шу шығарып, спортқа жат әрекетке жасағым келмеген еді. Бір нәрсе ғана қоса кеткім келеді – мен гроссмейстермін, ақыл-ойы қалыптасқан, есте сақтау қабілеті жақсы ересек спортшымын. Ешқашан ештеңені шатастырып, ойдан шығарған емеспін. Спорт министрі мырза айтқандай, эмоцияға салынып, артық қадам жасаған емеспін", – деді жас шахматшы.
Бұл ретте ол ешқандай мәліметті шатастырмағанын да атап өтті.
"Қазақстан мен Өзбекстанды немесе екі елдің федерацияларын да шатастырып отырған жоқпын. Сонымен қатар өз ұлттық валютасы бар тәуелсіз елде кез келген бюджетті анықтауға АҚШ-тың ұлттық валютасы жарамсыз екенін де білемін. Онда да Қазақстанның жүрегі – Ақордада олай деп жайдан-жай айтпаған шығармын. Ал қалай болғанда да, ел Президентінен сұрап алу жоспарланған үш млрд теңгеге (немесе сіз айтқандай, Құсайынов мырза, 3 млн доллар болсын), бұл өте қомақты сома және федерация (соның ішінде біз – ұлттық құрама да) Олимпиадаға бір ай қалған уақытта, лайық емеспіз", – деп нақтылады сөзін.
Ал оны жалған ақпарат берді деп жатқандарды полиграфты тексеруден өтуге шақырды. Сонымен қатар өз құқықтарын сотта қорғауға болатынын ескертті.
"Мен жеке пайда мен бос атақ іздемейтін спортшымын. Шахмат маған өзімнің және өзгенің уақытын бағалауды үйретті. Өмірде уақыттан асқан маңызды нәрсе жоқ. Ел Президентінің алтын уақытын, ал Ұлттық бюджеттің ақшасын ұрлау дұрыс емес деп санаймын. Ол этикаға жатпайды, моральдық тұрғыдан қарасақ та дұрыс емес. Ешкім менің бұл ойымды өзгерте алмайды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу алдында мен қудалаудан қорықпай, БАҚ өкілдеріне шындықты ашып айттым. Кейбір адамдар өздерінің ар-намысына тіл тиді деп санаған жағдайда, сотта өз абыройын қорғасын. Бұл Сіздердің заңды құқықтарыңыз. Мен жаттығуларымнан бос уақыт тауып, полиграфты тексеруден өтуге дайынмын. Уақыт пен орынды менімен бірге тексерістен өтетін Құсайынов пен Сәдуақасов мырзалар бекітсін. Барлық шығынды өзім көтеруге дайынмын. Енді олимпиадаға дайындығымды жалғастыруға рұқсат етіңіздер", – деп сөзін қорытындылады спортшы.
Еске сала кетсек, 22 маусым күні еліміздің үздік шахматшылары Президентпен кездесті. Осы жиыннан кейін шахмат федерациясында дау туды. Бибісара Асаубаева күтпеген мәлімдеме жасап, федерация басшыларының әрекеттерін сынға алды.
Дәлірек айтқанда, шахматтың басы-қасындағылар, оның ішінде Федерация Президенті Ғалым Құсайынов пен орынбасары Дәрмен Сәдуақасов өзін пайдаланып, 3 млрд теңге ақша сұрамақ болғанын алға тартады.
"Қазақстан құрамасының мүшесі ретінде, шахматшы және шахматтан қазіргі әлем чемпионы ретінде Федерацияға 3 млрд теңге қажет емес екенін мәлімдеймін. Олар Жаңа Қазақстанға көбірек қажет екеніне сенімдімін", – деп жазды 17 жасар шахматшы.
Кейін Бибісара Асаубаеваның жазбасына қатысты Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пікір білдірді. Ол Бибісараның жазбасын эмоциямен айтылған сөз деп бағалады. Жас спортшы бұл пікірмен мүлде келіспейтінін жеткізді.
Құралай Құдайберген