Бидай экспорты 64%-ға артты

1221

Сектордағы экспорттық жеткізілімдер бағасы айына 9%-ға, жылына 32%-ға өсті.

Бидай экспорты 64%-ға артты

Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстаннан 592,3 млн долларға 2 млн тонна бидай мен меслин экспортталды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі energyprom.kz-ке сілтеме жасап. 

Өсім физикалық мәнде 64%-ды құраса, ақшалай түрде бірден 2,1 есе болды.

Оның басым бөлігі ТМД елдеріне тиесілі. Аталған мемлекеттерге 1,3 млн тонна, бір жыл бұрынғыдан 43,9%-ға артық өнім тасымалданды. Мұнда Өзбекстан (874,1 мың тонна), Тәжікстан (175,8 мың тонна) және Түркіменстан (149,5 мың тонна) көш бастап тұр.

ТМД-ға кірмейтін әлемнің басқа елдеріне 744,7 мың тонна бидай жөнелтілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 2,2 есеге артық. Оның ішінде Иран Қазақстаннан импорттау бойынша көшбасшы болды (358,4 мың тонна, жылдық өсім 3,9 есе).  ТОП-3 елдерге сонымен қатар Ауғанстан (227,4 мың тонна) және Италия (110,1 мың тонна) кірді. 2022 жылдың наурыз айының аяғында бидай экспортының бағасы бір ай ішінде 9,2%-ға, жыл басынан бері 12,1%-ға және бір жыл ішінде 32,1%-ға өсті. Соның ішінде ай сайынғы динамикада баға ТМД елдері бойынша 7,9%-ға, басқа елдер бойынша – 11,8%-ға өсті. Ал жылдық динамикада ТМД елдері бойынша бағалар 34,7%-ға, қалғандары бойынша 23,7%-ға өсті.

Биылғы жылдың сәуір айында бидайдың орташа құны тоннасына 123,7 мың теңгені құрады. Оның ішінде қатты бидайдың тоннасы 188,4 мың теңге, қалғаны 121,7 мың теңге.

Облыстық тұрғыда бидайдың ең жоғары бағасы Қостанай облысында тіркелді (тоннасына 132,1 мың теңге).  Одан кейін Ақмола (130,7 мың теңге) және Солтүстік Қазақстан (118,6 мың теңге) облыстары тұр.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу