Биылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстан 1,2 млрд долларға 4,5 млн тонна бидай мен меслинді экспорттады. Заттай өсім – 35,9%, ақшалай өсім – 15,3%, деп жазады inbusiness.kz energyprom.kz порталына сілтеме жасап.
Өнімнің негізгі бөлігі ТМД елдеріне жеткізілген: 3,2 млн тонна. Бұл жалпы экспорт көлемінің 70,7%-ы. Соның ішінде Өзбекстанға – 2,2 млн тонна, Тәжікстанға – 496,5 мың тонна, Түрікменстанға 331,8 мың тонна жіберілді.
ТМД құрамына кірмейтін басқа елдерге 1,3 млн тонна бидай экспортталды. Отандық бидайдың негізгі сатып алушысы Ауғанстан болды (326,3 мың тонна). Үштік қатарында Қытай (315,4 мың тонна) мен Италия (267,9 мың тонна) бар.
Осы жылдың шілде айының қорытындысы бойынша экспорттық жеткізілім бағасы бір айда 7,9%-ға, бір жылда 12,9%-ға төмендеді.
Айлық динамикада ТМД елдері үшін жеткізілім бағасы 12,4%-ға, басқа елдерге 2,4%-ға азайды.
Ал жылдық динамикада ТМД елдеріне бидай мен меслиннің жеткізілім бағасы 26,2%-ға төмендесе, қалған елдер үшін 11,5%-ға артты.