Бигелді Ғабдуллин кінәсін толықтай мойындады

1239

Бигелді Ғабдуллин кінәсін толықтай мойындады

Бюджеттік қаржыландыруға қол жеткізу үшін бопсалау әрекетіне барды деп айыпталған CentralAsiaMonitor-дың бас редакторы әрі Radiotochka.kz директоры Бигелді Ғабдуллин өз кінәсін толықтай мойындады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"ҚР Қылмыстық кодексінің 1 бабы, 1 тармақшасына сәйкес, бiрiншi рет кiшiгiрiм немесе орташа ауыр қылмыс жасаған адам, егер ол қылмыс жасағаннан кейiн айыбын мойындап өз еркiмен келсе немесе қылмысты ашуға жәрдемдессе немесе қылмыстық жолмен жасалған зиянды өзгеше түрде қалпына келтiрсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. Сотқа дейінгі тергеу барысында Ғабдуллин өзінің қылмыс жасағандығын мойындады. Жасаған ісіне өкініп, қылмысты ашуға белсенді көмек көрсетті. Зардап шегушілерге 20 млн 625 мың теңге көлемінде келтірген шығынын толықтай өтеді", – деді Ғабдулиннің адвокаты Аманжол Мұхамедияров.

Сонымен қатар ол Бигелді Ғабдуллиннің тергеу процессі барысында қылмысты мойындағаны және тергеуге көмек көрсеткені үшін қылмыстық қудалаудан босату туралы өтініш жасағандығын айтты. "Зардап шегушілерге келтірілген залал толық көлемде қайтарылды және олар Ғабдуллинді қылмыстық қудалаудан босатуға қарсы емес", – деді Мұхамедияров.

Ал прокурор болса, Ғабдуллинді қылмыстық қудалаудан босатуға наразылық танытты.  Осыдан кейін сот шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне өтті. Іс Астана уақыты бойынша сағат 17-00-де қайта жалғасады. Естеріңіге сала кетейік, өткен жылдың 16 қарашасында Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының санкциясымен Бигелді Ғабдуллин тұтқынға алынған болатын. Ғабдуллин "Central Asia Monitor" және "Radiotochka.kz" бұқаралық ақпарат құралдарының пайдасына бюджеттік қаржыны алу үшін бопсалау әрекетіне барды деп айыпталған болатын. Ол өз құзырындағы бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, мемлекеттік орган жетекшілерінің іскерлік абыройына нұқсан келетін материалдарды жариялау арқылы оларға ақпараттық шабуыл жасаған. Алдағы уақытта сынауды тоқтату үшін Ғадбуллин лауазымды тұлғалардан өз медиа ресурстарына мемлекеттік тапсырыстар талап еткен. Олар өз кезегінде Ғабдулиннің компаниясын қолпаштап, мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшарттар бекітуді қамтамасыз еткен. Осыдан кейін ғана олардың қызметі туралы тек жағымды материалдар жарияланып отырған. Мәселен, Жамбыл облысы әкімдігінен Ғабдуллин 10 миллион теңге көлеміндегі қаражат бопсалаған. Дәл осы схемамен 7 мемлекеттік орган Ғабдуллинге мемлекеттік тапсырыс алып берген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу