Қарағандылықтар жүрдек пойыздарға билеттерді 55%-ға дейін жеңілдікпен сатып ала алады, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Акция 11 қаңтардан 28 ақпанға дейінгі аралықта жүретін пойыздарға қатысты болады. Жеңілдіктер мөлшері билет аттануға дейін қанша тәулік бұрын сатып алынатынына байланысты.
Қарағандыдан "Тұлпар-Тальго" пойызымен Астана, Алматы, Шымкент, Петропавл, Көкшетау және Қызылордаға аттануға болады. Мысалы, 9 қаңтарға Алматыға дейін купе билетінің жүрерден бір тәулік бұрын сатып алғандағы бағасы 13 031 теңге болса, дәл осы билет 45 тәулік бұрын алынса 6 284 теңгені құрайтын болады.
Жеңілдетілген билеттерді теміржол кассаларынан, сондай-ақ www.epay.railways.kz сайтынан сатып алуға болады. Онлайн-нұсқада билеттер пойыздың аттануынан 45 тәулік бұрын қолжетімді болады. Онда бағалар жеңілдіктерді ескере келе көрсетіледі.