ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Гүлмира Исімбаева Мәжіліс бұл мәселеге қатысты өз ұсынысын осы жылдың ақпан айында жасайтындығын мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
"Қазіргі уақытта биліктің әрбір тармағы осыған қатысты өздерінің ұсыныстарын әзірлеуде. Парламенттің бірқатар өкілетін өзгерту және қызметтерін беруге қатысты ұсыныстарды біз қазіргі уақытта дайындаудамыз. Жоғары сот өз бағытында, прокуратура өз бағытында әзірлейді. Содан кейін қаңтар айының шамамен үшінші онкүндігінде заңнамалық актілерге енетін өзгерістердің жалпы тұжырымдамасы әзірленетін болады. Айта кетерлігі, жұмыс тобының құрамына ғылыми-заңгерлік қоғамдастықпен қатар тәжірибелік-заңгерлік қоғамдастық та кіреді. Бұл талқылаулар да ашық әрі жария өтеді", – деді ол Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін БАҚ өкілдеріне.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы құрылып, олар қызметтеріне кіріскен. "Нақты ұсыныстар әзірленген соң біз сіздерге оны таныстыратын боламыз", – деді Гүлмира Исімбаева.
Айта кетейік, 11-қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойды. Жұмыс тобын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков басқарады. Оның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің, Үкіметінің, Жоғарғы Сотының, өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ, заңгер қоғамдастығы мен ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың өкілдері кірді. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың 15 желтоқсанында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттілігін Парламент пен Үкімет арасында үйлестіру мәселесін көтерген болатын.