Білім басқармасының басшылары министрлік мақұлдауымен ғана ауыстырылады

1369

Білім мекемелері жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.

Білім басқармасының басшылары министрлік мақұлдауымен ғана ауыстырылады

Бұдан былай облыстық білім басқармасының басшысын жұмыстан алу үшін облыс әкімдігі Білім және ғылым министрлігінің келісімін алуға тиіс болады. Мұндай процедура жаңа басшыны тағайындау кезінде де сақталады. Ал білім ошақтары тікелей облыстық бюджет арқылы қаржыландырылады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова осындай мәлімет айтты.

"Білім және ғылым министрлігі "Білім туралы" Заң мен Бюджеттік кодекске, "Жергілікті мемлекеттік басқару" туралы Заңға түзетулер енгізді. Жаңа норма бойынша аудандық деңгейдегі білім мекемесін қаржыландыру облыстық деңгейге беріледі. Яғни білім мекемелері тікелей облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Аудандық және қалалық білім бөлімдері  бұрынғыдай заңды тұлға ретінде өз бетімен қаржыландырылады. Бірақ бюджет қаражатын әкімшілендіру облыстық бюджет көзінен орталықтандырылған түрде ұйымдастырылады. Біз біртіндеп мектепке дейінгі білім беру, орта мектеп, кәсіби білім беру, жоғары білім беру сатыларының барлығын жан басына сай қаржыландыру жүйесіне көшіп жатырмыз. Бұл қаржыландыру процесін жеңілдетеді", – деген министрлік өкілі білім саласына жауапты басшыларды енді әкімдер өз қалауы бойынша ауыстыра алмайтынын жеткізді. 

"Қаржыландыру сызбасымен қоса тағайындау тәртібіне өзгерту енгізілді. 1 қаңтардан бастап  аудандық және қалалық бөлім басшысы облыстық білім беру басқармасының мақұлдауы арқылы тағайындалады. Сәйкесінше облыстық басқарма басшысын тағайындау және жұмыстан шығару  Білім және ғылым министрлігінің келісім арқылы ғана іске асады", – деді Бибігүл Асылова.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу