Білім беру мекемелері орналасқан аудандарды патрульдеуді күшейту қажет – депутат

318

Білім беру мекемелерінің көбінде ғимаратқа тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуін анықтайтын арнайы құралдар жоқ.  

Білім беру мекемелері орналасқан аудандарды патрульдеуді күшейту қажет – депутат Фото: democrat.kz

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза өзінің депутаттық сауалында білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселелерін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, отандық білім беру мекемелерінің қоғамдық қауіпсіздігі халықты қатты алаңдатып отыр.

"Себебі бұл – балалардың, студенттер мен педагогикалық қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты мәселе. Білім беру мекемелеріндегі, әсіресе, балабақшалар мен мектептердегі күзет жағдайы баса бақылауды талап етеді. Көп жағдайда мұндай функциялар формальды сипатта ғана, ал іс жүзінде оны көбінесе зейнет жасындағы адамдар атқарып жүр. Мұндай жағдай көбіне жалақының төмендігінен туындап отыр. Соның салдарынан бұл жұмысқа білікті мамандарды тарту қиын", – деді депутат.

Бұдан басқа, бүгінгі таңда, білім беру мекемелерінің ғимараттарына кіру режимін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілі жоқ, дейді Самат Нұртаза.

"Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің көбінде ғимаратқа тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуін анықтайтын техникалық тексеру құралдары, соның ішінде металл детекторлар жоқ екенін атап өткім келеді.  Соның бір мысалы ретінде жақында Алматы қаласындағы университеттердің бірінде болған сұмдық жағдайды айтсақ болады. Студент оқу орнына пышақ алып кіріп, оқытушыны жарақаттаған. Биылғы жыл ішінде білім беру мекемелеріне жасалғалы жатқан "шабуылдар", қастандықтар туралы жалған ақпараттар мен қауесеттердің бірнеше рет тарағаны да алаңдатады", – деп атап өтті ол.

Осыған байланысты депутат бірқатар ұсыныс тастады:

  1. Меншік нысанына қарамастан, барлық білім беру ұйымдары орындауға тиісті, білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай стандартын әзірлеп, енгізу;
  2. Балабақшалар мен мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар ұйымдармен ғана шарттар жасасу;
  3. Еліміздің барлық білім беру мекемелерінде, соның ішінде балабақшаларда техникалық тексеру құралдарын міндетті түрде енгізу туралы талап белгілеу;
  4. Білім беру мекемелері орналасқан аудандарды патрульдеуді күшейту.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу