Білім беру мекемелерінің аумағында 4 мыңнан астам тексеру жүргізілді

915

Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған "Назар аударыңыз – балалар!" атты ауқымды жедел профилактикалық шара шеңберінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасына қатысты 16 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзудың алды алынды.  

Білім беру мекемелерінің аумағында 4 мыңнан астам тексеру жүргізілді

Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиевтің мәлімдеуінше, іс барысында 1 223 қиылыстан өту ережесін бұзу, 1 415 жаяу жүргінші өткелінен өту ережесін сақтамау, 1 348 балаларды тасымалдау ережесін аяқ асты ету, 507 маршруттық көліктің тоқтау ережесіне қарсы келу фактісі тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Іс-шара барысында жол және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірлесіп, 
жолға жақын орналасқан білім беру мекемелерінің аумағына 4 мыңнан астам тексеру жүргізілді. Қорытындысында анықталған кемшілікті жою үшін уәкілетті мекемелерге 2 мыңға жуық нұсқама берілді", – деді Жандос Мұратәлиев.

Оның сөзінше, еліміздегі 3 612 мектептің жанында жаяу жүргінші өткелі бар.  2 473 мектептің маңындағы жолға жасанды кедергі орнатылған. 2 300-ге жуық мектептің айналасында жаяу жүргіншілерге арналған лабиринт тектес қоршау бар.

"Биыл білім беру мекемелерінің жанындағы 1 160 жол белгісі ауыстырылып, қайта орнатылды. Мыңға жуық жаяу жүргінші өткелі жабдықталды. 8 мың метрден астам жаяу жүргінші жолы салынды, 16 мың метр жол жасанды жарықтандырумен жабдықталды", – деді комитеті төрағасының орынбасары.

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу