"Әзірет Сұлтан" мешітінде "УАҚЫП" корпоративтік қайырымдылық қоры, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, жаппай қайырымдылық пен демеушілерді тарта отырып "Мектепке жол" қайырымдылық акциясын өткізуде, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз, жиналған оқушылар мен ана-аналарға ақ тілегін білдіріп, бата берді.
"Біз жылдағы дәстүр бойынша бүгінде еліміздегі мыңға тарта мешітте білім күні қарсаңында осындай "Мектепке жол" қайрымдылық шарасын қолға алып отырмыз. Қазір "Әзірет Сұлтан" мешітінде үш жүзден астам балаға оқуға қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмкелер табыс етеміз. Осы үрдіс ары қарайда жалғасын таба береді", деді бас мүфти Серікбай қажы Ораз.
Қайрымдылық шарасы аясында"Әзірет Сұлтан" мешітінде үш жүзден астам балаға оқу құралдары салынған мектеп сөмкелері табыс етілді.
Мектепке қажетті керек-жарақтарымен жабдықталған мектеп сөмкелерін балалар үйінің жетім балаларына, мүгедек балаларға және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға тапсыру бойынша жаппай қайырымдылық шаралары, барлық облыстарда, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы ҚМДБ мешіттерінде өтуде.
"Бүгінгі шара біздегі әлеуметтік жобалардың жалғасы. Бұл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен "Уақып" қорының бірлесіп өткізіп жатқан қайырымдылық акциясы. Облыс орталықтарында орта есеппен есептегенде мектепке керек құралдармен жабдықталған үш жүз, бес жүз, ал Астана, Алматы, Шымкент қалаларында мыңнан астам сөмке таратудамыз", деді "Уақып" қорының президенті Қайрат Айтбай.
Сонымен қатар, Қайрат Айтбай барлық қызығушылық танытқан азаматтарды осы іс-шараға қатысып, балаларға бақыт сыйлауға шақырды.