Білім министрі Түркістан облысындағы шулы оқиға туралы пікір білдірді

1445

Асхат Аймағамбетов 5-сынып оқушысының өлімін үлкен трагедия деп атады.  

Білім министрі Түркістан облысындағы шулы оқиға туралы пікір білдірді

Жуырда Түркістан облысы, Састөбе ауылындағы А. Макаренко атындағы мектептің 5-сынып оқушысы көз жұмды. Марқұм Рамазанның отбасы оны сыныптасы аяусыз ұрып-соққаннан кейін қайтыс болды деп мәлімдеген. Осыған дейін аталған оқу ордасында зорлау, төбелес, бопсалау сынды бірнеше дерек тіркеліп, барша жұрттың талқысына түскен. Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинге тілшілер осы тақырыпты көтеріп, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің осы мектепке қатысты пікірін сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Бұл мектептің директорын орнынан алып тастадық. Тергеу нәтижелері бойынша шаралар қабылданады. Қазір тергеу жүріп жатыр. Тергеу нәтижесін күтейік. Біз барлық мүдделі тұлғалардың қатысуымен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі үлкен ведомствоаралық комиссияның отырысын жоспарладық. Біз бұл істі қарастырамыз. Кездесу онлайн режимінде өтеді, осылайша БАҚ өкілдері қызметтік тергеу нәтижелері туралы ақпаратты ала алады", – деп түсіндірді министр.

Неге мектеп директоры бұрын қызметінен кетпей, 10 жастағы бала қазысынан кейін ғана орнын босатты? Бұрынғы бассыздықтарға кім жауап береді? Министр мұның барлығы тексерістен кейін сараланатынын айтты.

"Барлық іс қаншалықты мектеп басшысының, ұжымның қызметіне қатысты болды, қандай шаралар қабылданды, барлығы зерделенеді. Соңғы жағдайға қатысты айтар болса, біздің әріптестеріміз – Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы мен балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңесшім бірден Түркістан облысына ұшып барды. Медициналық тексеру басталды. Соның нәтижелері бойынша шара қабылдаймыз. Бұл өте үлкен трагедия", – деді министр.

Асхат Аймағамбетов қайтыс болған оқушының әжесінің сөздері шындық деп айту әлі ерте екенін атап өтті.

"Біз тергеу нәтижелерін күтеміз. Құзырлы органдар бар, тиісті сараптама бар. Осы уақытқа дейін мектептің оқу процесін ұйымдастыру мәселелерін қарастырдық. Тергеу нәтижелері бойынша құзырлы органдар міндетті түрде тиісті шаралар қабылдайды", – деді Аймағамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Түркістанда 10 жастағы мектеп оқушысы қайтыс болды. Марқұм Рамазанның отбасы одан балалар мектепте ақша бопсалағанын, сыныптасы дәретханада аяусыз ұрып-соққанын айтып, БАҚ өкілдеріне ақпарат таратты.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу