WhatsApp мессенджерінде жаңа жылдан бастап елімізде педагогтардың еңбекақысы қысқаратыны туралы ақпарат тарады. Хабарламада еңбекақының 25% өскеніне қарамастан, жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ бергені үшін 30%-ға тең қосымша төлемдер алынып тасталатыны айтылған. Демек мұғалімдердің табысы 5%-ға төмендейді. Бұл ақпаратты ҚР Білім және ғылым министрлігі жоққа шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы бұрынғыдай төленеді. Сонымен қатар келесі жылдың қаңтар айынан бастап Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша педагогтардың еңбекақысы тағы 25%-ға көтерілетінін еске саламыз. Айта кетейік, 2020 жылы педагогтардың еңбекақысы 25%-ға, 2021 жылы тағы 25%-ға өсті. Бұдан бөлек, Президенттің қолдауының арқасында, біліктілік санаты үшін қосымша ақы 30-50% дейін ұлғайтылды", – деп хабарлады Ведомствоның баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.
Бұған қоса министрлік өкілі мұғалімдерге дәптерлерді тексеру және сынып жетекшілігі үшін үстемеақыны екі есеге арттырылғанын атап өтті.
"Сонымен қатар тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу сынды жаңа санат пайда болды", – деп жазды Мөлдір Әбдуалиева.
Еске сала кетсек, Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрлігі педагогтардың еңбегін ынталандыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Барлық шаралар білім беру ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған. Педагогикалық бағыттар бойынша оқытудың тартымдылығын арттыру үшін осы мамандықтар бойынша білім алып жүрген студенттердің шәкіртақысы биыл қыркүйек айынан бастап 42 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.