Білім министрлігі оқушыларға арналған олимпиадаларды тегін ұйымдастырады

800

Зияткерлік, шығармашылық әрі спорттық жарыстардың барлығы бюджет есебінен қаржыландырылады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Білім министрлігі оқушыларға арналған олимпиадаларды тегін ұйымдастырады

"Оқушыларды қолдау шаралары – зияткерлік олимпиадалар, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар, конкурстар, кәсіби шеберлік сайыстар және спорттық жарыстар сынды бірнеше бағытты қамтиды. Айта кету керек, Білім және ғылым министрлігі өткізетін барлық жарыстар, оның ішінде зияткерлік олимпиадалар да, шығырмашылық әрі спорттық жарыстар да бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі", – деді Шолпан Каринова.

Білім және ғылым министрлігі өткізетін олимпиадалар мен конкурстарды "Дарын" республикалық орталығы, шығармашылық және көркемдік бағыттағы сайыстарды Республикалық қосымша білім беру орталығы, сондай-ақ спорттық жарыстарды Республикалық дене шынықтыру және спорт орталығы үйлестіреді. 

"Олимпиадалар мен жарыстардың қорытындылары бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тиісті деңгейдегі дипломдар және барлық қатысушыға сертификаттар беріледі. Олар өте маңызды. Өйткені дарынды баланы қолдау, ынталандыру оларды жігерлендіруге әсер етеді", – деді Шолпан Каринова.

Сонымен қатар вице-министр олимпиада соңында табыс етілетін дипломдар мен сертификаттар да ақысыз негізде берілетінін ескертті. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу