Білім министрлігі желідегі сұрақтарға жауап беретін жаңа жобаны іске қосты

1392

ҚР Білім және ғылым министрлігі әлеуметтік желіде – "Желіге шолу" жаңа жобасын іске қосты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.  

Білім министрлігі желідегі сұрақтарға жауап беретін жаңа жобаны іске қосты

Жобаның басты мақсаты – желі қолданушылары жазған пікірлерге, сұрақтарға жауап беру, өзекті мәселелерге қатысты көпшілікке дұрыс ақпаратты түсінікті тілде жеткізу.

Алғашқы шығарылымда ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев және "Болашақ" халықаралық бағдарламасы бойынша Аризона университетінде білім алған қазақстандықтар елімізде Аризона университеті филиалының ашылуына қатысты оқырман сұрақтарына жауап берді. Олар өздерінің оқу тәжірибесі және қазақстандықтарға сапалы, халықаралық жоғары білімнің қолжетімділігі бойынша қандай мүмкіндіктер берілгені туралы айтты.

Мәселен, вице-министр желі қолданушыларының келесідей сұрақтарына жауап берген:

- Аризона университетінің филиалына қарапайым халықтың балалары қалай түседі?

- "Ең бастысы балалар ағылшын тілін білуі керек. Аризона университетінің арнайы емтиханы болады.

- Аризона университеті ЛГБТ-ны ресми түрде үйретер?! Несіне қуанып мәз боламыз?

- Ең бірінші мынаны айтуымыз керек, Аризона университетімен келісім жасаған кезде тәрбие жұмысын толығымен Қазақстан жағы қадағалайды, бақылайды деп келістік. Тәрбие жөніндегі ректордың орынбасары Қазақстан жағынан тағайындалады және бүкіл тәрбие жұмысы біздің менталитетімізге сай, құндылықтарымызға сай жүргізіледі.

Аризона университетінде 4 жыл білім алған Байжанов Нұрсейт те көпшілікті толғандырған мәселеге қатысты пікір білдірді. "Аризонада 4 жыл бойы оқыдым. Мен өз көзімен көрдім. ЛГБТ насихаты еш уақытта болған жоқ. Қазақстандық бір де бір студент осындай қауымға қосылған жоқ", – дейді "Болашақ" халықаралық бағдарламасының түлегі.

- Жақсы хабар. Онда қандай мамандықтар бойынша дайындайды?

Білім және ғылым вице-министрі Аризона университетінің мықты бағыттары бойынша басымдық берілгенін мәлімдеді. Бұл ауыл шаруашылығы, инженерия мамандықтары.

"Аризона университетінде тіпті медицина мамандығы да мықты болып саналады. Сондықтан медицина факультетін ашу да жоспарланған", – деді Қуаныш Ерғалиев.

Ауылшаруашылық техникасы мен технологиясы мамандығы бойынша Аризона университетінің түлегі Жаңбырбаев Жандәулет бүгінде ауылшаруашылық саласында жұмыс істеп жүрген компаниялардың тіл білетін агрономдарға, басқа да ауылшаруашылық мамандарына сұраныс үлкен екенін айтады.

"Агроном ағылшын тілін білсе ол өзінің ойын, пікірін шетелдік әріптестеріне толық жеткізе алса, біздің жаһандық компаниялармен қатынасымыз күшейеді деп ойлаймын. Қазақстандық ауылшаруашылық мамандарының деңгейі көтеріледі деп ойлаймын. Ол бізге әлемдік нарыққа жол ашады", – дейді сала маманы.

- Оқу ақылы бола ма немесе грант негізінде ме?

ҚР Білім және ғылым вице-министрі мемлекет тарапынан гранттар бөлінетінін мәлімдеді. Сонымен қатар ақылы оқуға да мүмкіндік беріледі.

"Қазір қарасаңыздар, Қазақстанда оқимын десеңіз көптеген жақсы университеттеріміз бар. Шетелге барамын десеңіз, "Болашақ" бағдарламасы бар. Президентіміздің тапсырмасы бойынша британиялық университеттердің, Ресей университеттерінің филиалдары ашылып жатыр. Қазіргі жастарға оқуға, еңбек етуге, білім алуға барлық жағдай жасалды", –дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу