Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептерге жасанды интеллектіні енгізу бағытында қандай жұмыстар қолға алынатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"12 мамыр күні Мемлекет басшысы орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл бағыт қалай іске асырылып жатыр?", – деп сұрады Премьер-министр Олжас Бектенов.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, Жарлықты жүзеге асыру үшін кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Аталған құжат белгіленген тәртіппен Үкіметке енгізілмек.
"Жоспарда барлық мектептердің интернет инфрақұрылымдық мәселелерін дамыту, сонымен бірге ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру, ең бастысы жасанды интеллект технологияларын оқу процесіне енгізуге қатысты үлкен әдістемелік, танымдық мәселелер зерделену үстінде. Бүгінде пилоттық жобаға 500 мектепті іріктеу мәселесі қарастырылып жатыр. Оның ішінде 250 шағын жинақты мектеп, 100 келешек мектептері, 150 жалпы білім беретін ауыл және қала мектептерін қарастыру ұсынылып отыр. Бұл жердегі мәселе – ауыл және қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы азайту", – деп түсіндірді ведомство басшысы.
Биыл 350 мыңға жуық педагог ЖИ-ді оқу процесіне енгізуге байланысты біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
"Бүгінгі таңда айқындалған 500 мектептің ұстаздар қауымдастығын жазғы каникул кезінде, яғни маусым айының 1-2 апталығында, сонымен қатар тамыз кеңесінен кейін біліктілікті арттыруын қарастыратын боламыз", – деді Жұлдыз Сүлейменова.