Павлодар облысындағы Воскресенка ауылдық мектебі 60 жылдай жөндеу көрген жоқ. Терезелерінен қысты күні суық азынағанда сабақ өткізу мүмкін емес. Сол себепті көп жағдайда онлайн оқуға мәжбүр. Көктем мен күзде төбеден су сорғалайды. Ата-аналар балаларының суық тиіп жиі сырқаттанатынын айтады. Ал, билік өкілдері болса бюджетке тәуелдіміз, деп алақан жаюда.
Мектептің ағаш терезелерінің тозығы жеткені сонша сынған шынылар скотчпен жапсырылған. Қатты жел соққан күні құлап түсуге шақ қалады. Суыққа сеп болсын деп әйнектерді целофанмен қаптап қойған. Білім ұясында 65 бала оқиды. Шағын орталықта 10 бала тәрбиеленеді.
"Мектеп 1964 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Әрине мектеп ескі терезелерінен жел үрлейді қыста, тозып кеткен мектеп", дейді Воскресенка ауылдық мектебі директорының м.а Динара Жармолдинова.
Едені қопсып, қабырғалары да қақырап тұр. Көктемде қар ерігенде және жаңбырлы күндері төбеден су сорғалайды. Электр сымдары ашық-шашық болғандықтан тоқ соғу қаупі де бар. Ал, сырты сонау кеңестік кезеңді елестетеді.
Білім мекемесінің іргетасы қаланғалы бері ешқандай жөндеу көрмегені мына қабырғадағы жазудан-ақ белгілі. 20-ғасырдың пролетарының өсиеті әлі күнге дейін балалардың көз алдында.
Қысты күні оқушылар суық тиіп жиі науқастанады. Сол себепті көп жағдайда онлайн оқуға мәжбүр. Балаларының денсаулығына алаңдаған ата-аналар мектепті жөндеп беруді өтініп сұрайды.
"Балалар жиі ауырады. Дәрі-дәрмекке көп ақша жұмсаймыз. Мектептке жөндеу керек деп айта-айта шаршадық. Ауылдағы көшеге асфальт саламыз дейді, өтінеріміз, асфальтына рақмет мектепті жөндеп берсінші", - дейді оқушы ата-анасы Виолетта Вальт.
Тереңкөл ауданындағы 17 мектептің ішінде жөндеусіз қалғаны жалғыз осы Воскресенка мектебі. Бір қарын майды бір құмалақ шірітіп тұр. Білім ошағының жобалық-сметасы дайын, тек биліктен мақұлдауды ғана күтіп отыр.
"Екі жүз млн олар берді заявка бюджетный заявканы қойды. Биыл қарастырамыз. Бюджетный заявканы экономикаға жібердік",- деп отыр Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова.
Шалғайдағы ауылға ат шалдырып барғанда жұрт тілшілерге бар арыз, армандарын айтып қалуда. Әйтсе де, қызметте жүргендер қудалауға ұшыраймыз ба, деп қорқады. Осы жолы да бізге ақпарат берген азаматтарға әкімдік тарапынан сес көрсетіліпті.