BilimClass-та оқушылардың әл-ауқатын бақылауға арналған жаңа функция пайда болады

117

Алматы қаласы мен облысында оқушылардың қауіпсіздігіне бағытталған жаңа жоба қолға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

BilimClass-та оқушылардың әл-ауқатын бақылауға арналған жаңа функция пайда болады Фото: cronos.asia

Жаңа оқу жылынан бастап BilimClass электрондық журналында әлеуметтік осал санаттағы балалардың жағдайын бақылауға арналған арнайы модуль іске қосылады.

Жоба Алматы қаласы мен Абай облысының прокуратураларымен бірлесіп әзірленген. Оның негізгі мақсаты – қиын жағдайдағы оқушыларды дер кезінде анықтап, қажетті көмекті кешіктірмей көрсету.

BilimClass жобасының жетекшісі Фархат Үсеннің айтуынша, бұған дейін баланың әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат пен оның мектептегі үлгерімі бөлек қарастырылып келген.

"Әлеуметтік мәртебесі туралы мәлімет бір жерде, ал баланың сабаққа қатысуы мен бағалары басқа жүйеде сақталса, оның мектептен алыстай бастағанын дер кезінде байқау қиын. Жаңа жоба осы ақпараттарды біріктіріп, баланың жағдайын кешенді бақылауға мүмкіндік береді", – деді Фархат Үсен.

Жүйе оқушының әлеуметтік жағдайын, сабаққа қатысуын, оқу үлгерімін және басқа да маңызды көрсеткіштерді талдайды. Егер қауіп белгісі анықталса, арнайы мобильді топқа хабар беріліп, балаға жедел көмек көрсетуге мүмкіндік туады.

"Оқушылар қауіп деңгейіне қарай төрт топқа бөлінеді. Жүйеден әр баланың қай пәннен үлгерімі төмендеп кеткенін немесе сабаққа қатысуында мәселе барын нақты көруге болады", – деді жоба жетекшісі.

Пилоттық жоба 2026 жылдың қыркүйегінде басталып, алты ай бойы жұмыс істейді. Нәтижесіне қарай жүйені Қазақстанның басқа өңірлеріне де енгізу жоспарланып отыр.

Жоба аясында балалардың жеке деректерін қорғауға ерекше мән берілмек. Прокуратура қызметкерлері тек өздеріне тиесілі модуль мен аумақтың ақпаратын ғана көре алады. Жүйенің басқа бөлімдеріне кіруге шектеу қойылған.

Платформаға кіру eGov Mobile арқылы расталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу