Билл Гейтс Эпштейнмен байланысын "қателік" деп атады

123

 Бұл туралы The Sunday Guardian хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Билл Гейтс Эпштейнмен байланысын "қателік" деп атады Фото: Bennett Raglin

Миллиардер әрі филантроп Билл Гейтс жыныстық қылмыстар үшін сотталған Джеффри Эпштейнмен бұрынғы байланысына қатысты Bill & Melinda Gates Foundation қызметкерлерінен кешірім сұрады.

Қор ұжымымен өткен кездесуде Гейтс Эпштейнмен арадағы байланысын "үлкен қателік" деп атап, сонымен бірге заңға қайшы ешқандай әрекетке бармағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған қарым-қатынастар тек кәсіби және қайырымдылық сипатта болған.

Гейтс беделіне нұқсан келгені үшін өкініш білдіріп, Эпштейнмен байланысты фотосуреттердің оның өтінішімен түсірілгенін түсіндірді. Миллиардердің сөзінше, ол Эпштейн ісіндегі белгілі жәбірленушілермен немесе оның айналасындағы әйелдермен ешқашан бірге уақыт өткізбеген.

– Мен заңсыз ештеңе істеген жоқпын және заңға қайшы әрекеттерге куә болған емеспін. Анық айтқанда, жәбірленушілермен де, оның айналасындағы әйелдермен де бірге болмадым, – деді ол қор қызметкерлеріне.

Кездесу барысында Гейтс Эпштейн ісіне қатысты жарияланған материалдардағы, бет-әлпеті көрінбейтін әйелдермен түскен фотосуреттерге де түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл адамдар Эпштейннің көмекшілері болған, ал суреттер ресми кездесулер аяқталғаннан кейін түсірілген. Сондай-ақ The Wall Street Journal дерегінше, Гейтс қызметкерлерге жеке өміріне қатысты кейбір жайттарды да жеткізген.

Аталған жанжал Гейтстің қоғамдық қызметіне де әсер етті. Ол Үндістанда өтуі тиіс AI Impact Summit жиынында негізгі баяндама жасаудан бас тартты. Ресми тұлғалардың мәліметінше, бұл шешім оның қызметіне байланысты қосымша тексерулерге байланысты қабылданған.

Сонымен қатар жарияланған құжаттарда Билл Гейтстің қылмыстық әрекеттерге қатысқаны немесе оған көмектескені жөнінде ешқандай дәлел жоқ. Миллиардер заңға қайшы кез келген іс-әрекетті үзілді-кесілді жоққа шығарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу