Binance арқылы заңсыз сауда жасаған қостанайлық тұрғын 2 жылға сотталды

353

Айыпталушы криптовалютадан 1,9 млрд теңге табыс тапқан.  

Binance арқылы заңсыз сауда жасаған қостанайлық тұрғын 2 жылға сотталды Фото: digitalocean.ru

Сот айыпталушының заңсыз жолмен тапқан мүлкін тәркіледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қостанай тұрғыны криптовалютамен заңсыз сауда жасап, миллиардтаған теңге тапқаны үшін сотталды. Тергеу мәліметінше, ол 4 жыл бойы рұқсатсыз цифрлық активтермен операциялар жүргізіп, 1,9 миллиард теңгеден астам заңсыз кіріс тапқан.

ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, цифрлық активтердің заңсыз айналымы және қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыру (жылыстату) үшін кінәлі деп танылған Қостанай облысының 28 жастағы тұрғынына қатысты сот үкімі заңды күшіне енді.

"Сот оны мүлкін тәркілей отырып, 2 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жазалады, сондай-ақ цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, сондай-ақ цифрлық майнингке байланысты қызметпен айналысу құқығынан 7 жыл мерзімге айырды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы барысында сотталған адамның 2020-2024 жылдар аралығында тиісті рұқсатсыз Binance платформасында P2P форматында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді сатып алу-сату бойынша заңсыз қызметті ұйымдастырғаны анықталды. Қаржылық операцияларды жүргізу үшін сотталған адамның өзіне де, оның туыстарына және өзге адамдарға да ресімделген банк шоттары пайдаланылды", – делінген прокуратураның хабарламасында.

Заңсыз қызметтің нәтижесінде ол жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеден асатын заңсыз кіріс алды, оны қылмыстық шығу тегін жасыру мақсатында екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне орналастырған.

Облыс прокуратурасының талап-арызы бойынша сот сотталған адамнан мемлекет пайдасына 1,9 млрд теңгеден астам соманы өндіріп алды.

Сонымен қатар, сот мемлекет пайдасына 13,4 миллион теңге сомасына ақшалай қаражатты, 2 жеңіл автокөлікті және 7,9 мың АҚШ доллары сомасына цифрлық активтерді тәркіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу