2022 жылғы 11 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы және биоотын айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң күшіне енді, деп хабарлайды Inbusiness.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Құжат биоотын өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтыруларды көздейді.
"Атап айтқанда, түзетулерде "биоэтанол" ұғымы кеңейтілді. Себебі бұл мәселе астықты терең өңдеу өнімдерін өндіруді дамыту үшін өзекті. Биоэтанолды отынның құрамдас бөлігі ретінде пайдаланумен қатар, түзетулер қабылданғаннан кейін оны химия және онымен байланысты салаларды өндіру үшін пайдалануға болады", - делінген Министрлік хабарламасында.
Ал химиялық және онымен байланысты салалардың өнімдерін өндіруді жүзеге асырмайтын өнеркәсіппен айналысатын тұлғаларға биоотынды өткізуге тыйым салынды.
"Биоотын өндірісіне мониторингті жүзеге асыру мақсатында облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен елорда әкімдіктеріне биоотын өндірісінің көлемі туралы ақпаратты беру жөніндегі нормалар енгізілді. Сондай-ақ химия және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдерін өндірушілер үшін биоотынды сақтау бөлігі толықтырылатын болады", - деп жазады баспасөз қызметі.